Семей қаласында заманауи BINOM мектебінің құрылысы басталды: Абай облысындағы білім беру саласы жаңа кезеңге қадам басты

Бүгін Семей қаласында өңірдің білім беру жүйесі үшін тарихи маңызы бар оқиға өтті. Қарағайлы шағын ауданында 1400 орынға арналған заманауи BINOM мектебінің іргетасын қалау рәсімі ұйымдастырылды. Бұл жоба – Абай облысындағы білім беру инфрақұрылымын дамытуға бағытталған ең ауқымды бастамалардың бірі. Жаңа білім ордасы оқушыларға халықаралық талаптарға сай сапалы білім алуға мүмкіндік беріп қана қоймай, олардың шығармашылық, ғылыми және технологиялық қабілеттерін дамытуға арналған заманауи орта қалыптастырады.
Салтанатты рәсімге Абай облысының әкімі Берік Уәли, «BI Group» компаниясы директорлар кеңесінің мүшесі Бауыржан Исабаев, BINOM мектептер желісінің директоры Шолпан Қадырова, Қазақстанның Еңбек Ері, ұлағатты ұстаз Алма Шүкіжанова, қоғам қайраткерлері, білім саласының мамандары, ата-аналар, оқушылар және қала тұрғындары қатысты.
Шара барысында қонақтар жаңа мектептің құрылыс алаңымен танысып, болашақ білім ордасының жобасына қатысты мәлімет алды. Іргетасқа болашақ ұрпаққа арналған символикалық капсула салынып, бұл күн өңірдің білім тарихындағы ерекше белес ретінде бағаланды.
Облыс әкімі Берік Уәли өз сөзінде бұл жобаның тек жаңа ғимарат салумен ғана шектелмейтінін, оның өңірдің интеллектуалдық әлеуетін арттыруға бағытталған маңызды инвестиция екенін атап өтті.
«Бүгін біз тарихи сәттің куәсі болғалы тұрмыз. Облысымызда алғаш рет еліміздің ең үздік білім беру жобаларының бірі саналатын BINOM мектебінің құрылысы басталуда. Бұл – өңіріміз үшін үлкен жетістік әрі зор жауапкершілік.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев әрдайым сапалы білім – еліміздің тұрақты дамуының басты кепілі екенін айтып келеді. Президенттің тапсырмасына сәйкес елімізде жаңа мектептер салу, білім беру инфрақұрылымын жаңғырту, барлық балаға қолайлы әрі қауіпсіз білім беру ортасын қалыптастыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде.
Қарағайлы – Семей қаласының қарқынды дамып келе жатқан жаңа тұрғын аудандарының бірі. Мұнда жыл сайын жаңа тұрғын үйлер пайдалануға беріліп, халық саны артып келеді. Соған сәйкес мектеп жасындағы балалар саны да көбейіп жатыр. Сондықтан бүгін бастау алған BINOM мектебінің құрылысы – уақыт талабынан туындаған маңызды қажеттілік.
Бұл мектеп тек білім беретін мекеме емес. Бұл – жас ұрпақтың арманын жүзеге асыратын, олардың бойындағы қабілетті ашатын, заманауи технологияларды меңгеруге мүмкіндік беретін үлкен білім кеңістігі. Осында тәрбиеленетін балалар ертең еліміздің ғылымын, экономикасын, мәдениетін және инновациясын дамытатын азаматтарға айналады деп сенемін.
Бүгінгі капсула салу рәсімі – білімге деген құрметтің, жас ұрпаққа деген сенімнің және олардың жарқын болашағына бағытталған нақты қадамның белгісі», – деді облыс әкімі.
Жаңа мектептің құрылысы еліміздегі жетекші құрылыс компанияларының бірі – «BI Group» компаниясының қолдауымен жүзеге асырылады. Компания өкілдері әлеуметтік жауапкершілік аясында білім беру нысандарын салуға ерекше көңіл бөліп келе жатқанын атап өтті.
BINOM мектептер желісінің директоры Шолпан Қадырованың айтуынша, Семейдегі жаңа мектеп желінің еліміздегі оныншы мектебі болмақ. Бұған дейін BINOM мектептері Астана және Атырау қалаларында табысты жұмыс істеп келеді. Осылайша Семей BINOM білім беру жүйесі енгізілген үшінші қала атанады.
Оның айтуынша, BINOM мектептері тек оқу бағдарламасымен ғана емес, білім берудің жаңа философиясымен ерекшеленеді. Мұнда әр баланың жеке қабілетін дамытуға басымдық беріледі, оқушының академиялық жетістігімен қатар оның тұлғалық дамуына ерекше мән беріледі.
Жоспар бойынша мектеп келесі оқу жылында пайдалануға беріледі.
BINOM мектептері әлемдік білім беру стандарттарына сәйкес жабдықталған заманауи білім беру ортасы болып саналады. Әрбір мектептің архитектуралық шешімі оқушылардың қауіпсіздігі мен жайлылығын қамтамасыз етуге бағытталған. Жаңа мектепте:
* кең әрі жарық оқу кабинеттері;
* физика, химия, биология, нано және биотехнология зертханалары;
* робототехника және бағдарламалау кабинеттері;
* 3D модельдеу және инженерлік жобалау орталықтары;
* металл және ағаш өңдеу шеберханалары;
* шығармашылық студиялар;
* телестудия және медиаорталық;
* смарт-сыныптар;
* кітапхана мен цифрлық оқу аймақтары;
* кинозал;
* мұғалімдер мен оқушыларға арналған коворкинг орталықтары;
* Speaking Club алаңдары;
* TEDxBINOM пікірталас кеңістіктері;
* спорт залдары мен ойын алаңдары жұмыс істейтін болады.
Сонымен қатар мектепте инклюзивті білім беру қағидаттарына ерекше назар аударылып, ерекше білім беру қажеттілігі бар балалар үшін барлық қажетті жағдай жасалады.
Жоба аясында цифрлық технологияларды кеңінен пайдалану көзделген. Оқу процесіне жасанды интеллект элементтері, интерактивті платформалар, цифрлық бағалау жүйелері енгізіліп, оқушылардың сыни ойлау, коммуникация, зерттеу және жобалық жұмыс дағдыларын дамытуға мүмкіндік беріледі.
Мектептің басты мақсаты – халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті, бірнеше тілді меңгерген, көшбасшылық қасиеті жоғары, шығармашыл әрі отансүйгіш тұлғаларды тәрбиелеу.
Салтанатты шара барысында тұрғындар жаңа мектептің салынуы өңірдегі өзекті мәселелердің бірін шешетінін айтып, ризашылықтарын білдірді.
Қарағайлы тұрғындарының бірі, ата-ана Рахат Райымбеков бұл бастаманың жас ұрпақтың болашағы үшін ерекше маңызға ие екенін жеткізді.
«Бір жыл бұрын Президенттің бастамасымен Қарағайлы ауданында «Келешек мектебі» ашылған еді. Енді оның қасына BINOM мектебінің салынуы біз үшін үлкен қуаныш. Бұл аудан күн сайын өсіп келеді, балалар саны көбейіп жатыр. Сондықтан мұндай білім ордалары өте қажет. Болашақта осы мектептен еліміздің ғылымын, мәдениетін, спортын, экономикасын дамытатын үлкен тұлғалар шығады деп сенеміз», – деді ол.
Бүгінде Абай облысында білім беру саласын дамыту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде.
Қазіргі уақытта облыста 306 мемлекеттік мектеп жұмыс істейді. Онда 100 мыңнан астам оқушы білім алып жатыр. Соған қарамастан өңірде 6300 оқушы орны жетіспейді. Оның ішінде ең үлкен тапшылық Семей қаласында байқалады. Қалада қосымша 4100 орын қажет.
Бұл мәселені кезең-кезеңімен шешу мақсатында «Келешек мектебі» ұлттық жобасы аясында соңғы жылдары өңірде бірқатар жаңа білім беру нысандары пайдалануға берілді.
Атап айтқанда:
* Семей қаласының Қарағайлы тұрғын ауданында – 1200 орындық мектеп;
* Семей қаласының Водный кентінде – 600 орындық мектеп;
* Аягөз қаласында – 600 орындық мектеп;
* Бесқарағай ауылында – 300 орындық мектеп;
* Семей қаласының Шығыс кентінде – 300 орындық мектеп салынды.
Жалпы алғанда бес жаңа мектеп іске қосылып, үш мың оқушыға арналған қосымша орын ашылды.
Қазіргі таңда Жарма ауданының Суықбұлақ ауылында 100 орындық жаңа мектептің құрылысы жалғасып жатыр. Сонымен қатар Семей қаласындағы №4 және №30 жалпы орта білім беретін мектептерге қосымша оқу корпустары салынып, оқушы орындарының тапшылығын азайту бағытындағы жұмыстар жүргізілуде.
Бұдан бөлек, биыл Ақсуат ауданының Ақсуат және Екпін ауылдарында мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігі арқылы әрқайсысы 300 орындық екі мектептің құрылысы басталады.
Ал Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Абайға құрмет» республикалық акциясы аясында Астана қаласы Семейде 1500 орындық жаңа «Келешек» мектебінің құрылысын қолға алады.
Мамандардың пікірінше, алдағы бірнеше жылда жүзеге асатын осы жобалардың нәтижесінде өңірдегі мектеп орындарының тапшылығы едәуір қысқарып, мыңдаған оқушы жаңа әрі заманауи білім беру ұйымдарында білім алуға мүмкіндік алады.
Семей қаласында басталған BINOM мектебінің құрылысы – жай ғана жаңа ғимараттың бой көтеруі емес. Бұл – өңірдің адами капиталын дамытуға, сапалы білімнің қолжетімділігін арттыруға және болашақ ұрпақтың бәсекеге қабілеттілігін күшейтуге бағытталған маңызды стратегиялық инвестиция.
Заманауи технологиялармен жабдықталған, халықаралық тәжірибеге негізделген білім беру жүйесін енгізетін бұл мектеп Абай облысының ғана емес, тұтас еліміздің білім беру саласындағы жаңа мүмкіндіктердің символына айналмақ.



