Өңір руханиятына үлес қосқан азаматтар ұлықталды

Семейде Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне орай «Руханият-2026» сыйлығын табыстау рәсімі өтті. Салтанатты шарада өңірдің рухани-мәдени дамуына үлес қосып жүрген сала өкілдері марапатталды.
Мерекелік жиынға Абай облысының әкімі Берік Уәли қатысып, мәдениет және өнер қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтады.
Аймақ басшысы өз сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың мәдениетті ұлттың рухани тірегі ретінде айқындаған ұстанымына тоқталып, Абай облысында мәдениет саласын дамытуға ерекше көңіл бөлініп отырғанын атап өтті.
Өңірде мәдени инфрақұрылымды жаңғырту бағытында бірқатар маңызды жоба жүзеге асырылуда. Президент тапсырмасына сәйкес Семей қаласында жаңа театр салу жоспарланған. Сонымен қатар «Абайға құрмет» республикалық акциясы аясында Атырау облысы кітапхана құрылысын қолға алса, Шымкент қаласының қолдауымен Шығармашылық орталығы мен мәдениет үйі бой көтермек. Бұдан бөлек, аудан-аудандар мен ауылдық елді мекендерде жаңа мәдениет нысандары салынуда. Биыл Невзоровтар отбасы атындағы музейдің қасбетін күрделі жөндеуден өткізу жоспарланып отыр.
Облыс әкімі «Руханият» сыйлығының шығармашылық иелерінің еңбегін бағалап, руханият саласына көрсетілген құрметтің айғағы екенін айтты.
Шара барысында бірқатар азаматқа Қазақстан Республикасы Президентінің Алғыс хаты табысталды. Сондай-ақ мәдениет саласының үздік өкілдері 20 номинация бойынша марапатталды. Атап айтқанда, «Сахна саңлағы», «Жылдың үздік режиссері», «Үздік музыкалық ұжым», «Ұлт үні», «Дәстүр дарабозы», «Домбыра үні», «Жылдың жаңа есімі», «Қауырсын қалам» және өзге де аталымдар бойынша жеңімпаздар анықталды.
Салтанатты кеш концерттік бағдарламамен жалғасты. Сахнада Әміре Қашаубаев атындағы мемлекеттік филармонияның әртістері мен өңір өнерпаздары өнер көрсетті.
Қазіргі уақытта Абай облысында 298 мәдениет нысаны халыққа қызмет көрсетеді. Олардың қатарында кітапханалар, мәдениет үйлері, клубтар, музейлер, архивтер, театрлар, филармония және кинотеатрлар бар.



