Басты жаңалық

Облыс әкімі Жарма ауданындағы жаңашыл фермердің шаруа қожалығында болды

Аймақ басшысы Берік Уәли Жарма ауданы Кезеңсу ауылындағы «Дәурен» шаруа қожалығының жұмысымен танысты. Жұмыс сапары барысында облыс әкімі шаруашылықтың өндірістік қызметімен, заманауи технологияларды енгізу тәжірибесімен және алдағы даму жоспарларымен танысып, агроөнеркәсіп саласын дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын берді.

1994 жылы құрылған шаруашылыққа жаңашыл фермер Нұртуған Манап жетекшілік етіп келеді. Осы жылдар ішінде қожалық өңірдегі мал шаруашылығы саласында тұрақты жұмыс істейтін, өндірістік әлеуеті жоғары шаруашылықтардың біріне айналды. Мұнда дәстүрлі мал өсіру тәжірибесі заманауи технологиялармен тиімді үйлестіріліп, еңбек өнімділігін арттыру мен табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде.

Шаруа қожалығы қазақтың ақбас тұқымды сиырын өсіруге маманданған. Қожалықтың негізгі бағыты – генетикалық әлеуеті жоғары асыл тұқымды жас малды өсіріп, оны өткізу. Қазіргі таңда шаруашылықта 802 бас асыл тұқымды ірі қара, оның ішінде 300 аналық мал бар. Асыл тұқымды мал басын көбейту және сапасын арттыру бағытындағы жұмыстар тұрақты жүргізіліп келеді.

Бұл шаруашылық заманауи технологияларды кеңінен қолдануымен ерекшеленеді. Малды тиімді жаю мақсатында екі учаске электрлі қоршаумен, тағы екі учаске шарнирлі тормен қоршалған. Мұндай тәсіл жайылымдарды тиімді пайдалануға мүмкіндік беріп қана қоймай, еңбек шығынын азайтады және бақташы қызметіне деген қажеттілікті төмендетеді.

Электрлі және торлы қоршаулардың ішінде автоматтандырылған суару жүйесі орнатылған. Күн панельдерінен қуат алатын сорғы таңертең өздігінен іске қосылып, тереңнен су тартып шығарады. Соның нәтижесінде жайылымдағы мал күні бойы адам көмегінсіз сумен қамтамасыз етіледі. Бұл жүйе табиғи ресурстарды үнемдеп пайдалануға, сондай-ақ өндіріс тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Биыл шаруашылықта дәстүрлі қақпалардың орнына «Техас қақпасы» орнатылды. Бұл жүйе арқылы ауыл шаруашылығы техникалары мен көліктері еркін қатынай алады, ал малдың қоршаудан шығуына жол берілмейді. Осындай технологиялық шешімдер шаруашылықтағы жұмыс үдерісін жеңілдетіп, жайылымдарды тиімді басқаруға жағдай жасап отыр. Жалпы алғанда қоршалған жайылым аумағы шамамен 1 550 гектарды құрайды.

Қожалықта 19 бірлік ауыл шаруашылығы техникасы бар және 5 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Қажетті техниканың болуы барлық маусымдық жұмыстарды уақытылы орындауға, ал тұрақты жұмыс орындары ауыл тұрғындарын еңбекпен қамтуға мүмкіндік береді.

Мұндағы асыл тұқымды ірі қара республикалық көрмелерде тұрақты түрде жоғары бағаланып келеді. Сонымен қатар халықаралық көрмелерде бірнеше рет жүлделі орындарға ие болған. Бұл шаруашылықтағы селекциялық жұмыстардың нәтижелілігін және өсіріліп отырған малдың сапасының жоғары екенін көрсетеді.

Фермер облыс әкіміне шаруашылықтың өндірістік әлеуетін, жайылымдарды тиімді пайдалану бағытында атқарылып жатқан жұмыстарын және алдағы даму жоспарларын таныстырды. Сондай-ақ табиғатты ұтымды пайдалану, өндірісті цифрландыру элементтерін енгізу және шаруашылықтың тиімділігін арттыру бойынша қолға алынған бастамалар жөнінде баяндады.

Қожалықта алдағы жылдарға арналған бірнеше инвестициялық жоба жоспарланған. 2026–2027 жылдары жайылымдарды абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, ауыспалы жайылым жүйесі енгізіледі. Мұнда жалпы ұзындығы 200 шақырымға жуық қоршау орнату көзделіп отыр. Қазіргі уақытта оның 24 шақырымына қажетті қоршау материалдары сатып алынған.

Сонымен қатар 2027–2028 жылдары қой шаруашылығын дамыту, автоматтандырылған суару жүйелерін кеңейту және күн энергиясымен жұмыс істейтін су көтеру жүйелерін енгізу жоспарланып отыр. Бұл жобалар өндіріс шығындарын азайтып, жаңартылатын энергия көздерін тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.

Бұдан бөлек, шаруашылықта экологиялық бағыттағы жобалар да жүзеге асырылады. 2027–2029 жылдары ағаш көшеттерін отырғызу, жайылымдарды түбегейлі жақсарту, көпжылдық шөптер егу және табиғи су көздерін қалпына келтіру жұмыстары қолға алынбақ. Бұл бастамалар жердің құнарлылығын сақтауға, экожүйені жақсартуға және табиғи ресурстарды ұтымды пайдалануға бағытталған. Айта кетейік, 2019 жылдан бері шаруашылық аумағында 390-нан астам ағаш көшеті отырғызылған.

Жұмыс сапарының қорытындысында облыс әкімі шаруашылықтың тәжірибесі өңірдегі агроөнеркәсіп кешенін дамытуда маңызды рөл атқаратынын атап өтті.

«Шаруа қожалығы дәстүрлі мал өсіру тәсілі мен инновациялық шешімдерді әдемі үйлестіре білген екен. Жоспарланған іс-шараларды іске асыру шаруашылықтың өндірістік әлеуетін арттыруға, жайылымдарды тиімді пайдалануға және өңірдегі мал шаруашылығының тұрақты дамуына оң әсерін тигізеді. Бұл өзге шаруа қожалықтарына үлгі болатын бастама», – деді Берік Уәли.

Басқа жаңалықтар

Back to top button