Басты жаңалық

Бородулиха ауданына жаңа әкім тағайындалды

Бүгін Абай облысының әкімі Берік Уәли Бородулиха ауданының активіне ауданның жаңа әкімін таныстырды. Жиынға облыстық және аудандық мәслихат депутаттары, мемлекеттік органдардың өкілдері, мекеме басшылары, ардагерлер, қоғам белсенділері, құқық қорғау органдарының, бизнес өкілдері және аудан тұрғындары қатысты.

Кездесу барысында аймақ басшысы кадрлық тағайындау Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылғанын атап өтті. Сондай-ақ Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан саяси реформалар аясында мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру маңызды бағыттардың бірі екенін айтты.

Берік Уәли жаңа Конституцияның қабылдануына байланысты заңнамаға енгізілген өзгерістерге тоқталды. Оның айтуынша, Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңына тиісті өзгерістер енгізіліп, аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдерін сайлау институты алынып тасталды. Қазіргі уақытта аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдері заңнамада белгіленген тәртіппен тиісті мәслихаттардың келісімі бойынша облыс әкімімен тағайындалады.

Облыс әкімі аудан басшыларын тағайындаудың жаңартылған тетігі мемлекеттік басқару тиімділігін арттыруға, аумақтардың әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін басшылардың жеке жауапкершілігін күшейтуге және жергілікті атқарушы органдар мен тұрғындар арасындағы байланысты нығайтуға бағытталғанын атап өтті.

Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңының 25-бабына сәйкес, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігімен келісу, Бородулиха ауданы мәслихаты депутаттарының келісімі және облыс әкімінің өкімі негізінде Бородулиха ауданының әкімі лауазымына Талғат Батырұлы Мұратов тағайындалды.

Берік Уәли бұл тағайындаудың өңір үшін ерекше маңызы бар екенін атап өтті. Себебі бұл – жаңа Конституция қабылданып, аудан деңгейіндегі басшыларды қалыптастырудың жаңартылған тәртібі енгізілгеннен кейін Абай облысында аудан әкімі қызметіне жасалған алғашқы тағайындау.

Жаңа басшыны таныстырған облыс әкімі оның мемлекеттік қызметтегі мол тәжірибесін, кәсіби біліктілігін және ұйымдастырушылық қабілетін атап өтті.

«Талғат Батырұлы – тәжірибелі мемлекеттік қызметші, білікті басшы. Бородулиха ауданы – облысымыздағы стратегиялық маңызы жоғары аудандардың бірі. Бұл – ауыл шаруашылығы, орман шаруашылығы және тау-кен өнеркәсібі салаларында әлеуеті мол өңір. Сонымен қатар аудан шекаралық аймақта орналасқандықтан, оның әлеуметтік-экономикалық дамуы біз үшін маңызды бағыттардың бірі. Аудан экономикасын нығайтып, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруымыз қажет. Талғат Батырұлы көрсетілген сенімді ақтап, халықпен тығыз байланыста жұмыс істеп, Бородулиха ауданының одан әрі дамуына өз үлесін қосады деп сенемін», – деді Берік Уәли.

Аймақ басшысы жаңа әкім алдында ауданның тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету бойынша нақты міндеттер тұрғанын айтты. Олардың қатарында ауыл шаруашылығын дамыту, жер ресурстарын тиімді пайдалану, шағын және орта бизнесті қолдау, инженерлік-коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту, автомобиль жолдарының сапасын арттыру, әлеуметтік нысандарды салу және жөндеу, жаңа жұмыс орындарын құру бағыттары бар.

Сондай-ақ облыс әкімі ауыл тұрғындарының өмір сүру деңгейін көтеруге, тұрғын үй-коммуналдық мәселелерді уақытылы шешуге, денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет және спорт салаларын дамытуға ерекше назар аудару қажеттігін атап өтті. Халықпен ашық диалог орнату, азаматтардың өтініштерін жедел қарау және тұрғындар мәселесіне тиімді шешім қабылдау да маңызды міндеттердің бірі екенін айтты.

Берік Уәли Бородулиха ауданының даму әлеуеті жоғары екенін атап өтті. Ауданның тиімді географиялық орналасуы, дамыған агроөнеркәсіптік кешені, орман ресурстары және өндірістік мүмкіндіктері инвестиция тартуға, жаңа жобаларды жүзеге асыруға және қосымша жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.

Облыс әкімі жаңа басшы жергілікті атқарушы органдардың жұмысын тиімді ұйымдастырып, Мемлекет басшысы мен Үкімет тапсырмаларының орындалуын қамтамасыз етіп, Абай облысының дамуына лайықты үлес қосатынына сенім білдірді.

Талғат Батырұлы Мұратовтың мемлекеттік қызмет саласында көп жылдық тәжірибесі бар. Ол Алматы облысында дүниеге келген. Еңбек жолын коммерциялық құрылымдардан бастап, кейін мемлекеттік қызмет саласында жалғастырған.

Әр жылдары ол Бесқарағай ауданының құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің бас маманы, Жарма ауданының сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы, Жарма ауданы әкімінің орынбасары қызметтерін атқарған. Кейін Бесқарағай ауданының әкімі, Семей қаласының әкімі, облыс әкімінің кеңесшісі болып жұмыс істеп, өңірлік ірі жобаларды жүзеге асыруға және әлеуметтік-экономикалық даму мәселелерін шешуге атсалысты.

2026 жылдың ақпан айынан бастап осы тағайындауға дейін Талғат Мұратов Бородулиха ауданы әкімінің орынбасары қызметін атқарды. Бұл кезеңде ол мемлекеттік бағдарламаларды іске асыруға, атқарушы органдардың жұмысын үйлестіруге, ауылдық елді мекендерді дамытуға, әлеуметтік сала мен инфрақұрылым мәселелерін шешуге қатысты.

Жиын барысында аудан активінің өкілдері Талғат Мұратовты жаңа қызметімен құттықтап, жауапты мемлекеттік қызметінде табыс тіледі. Жергілікті атқарушы биліктің тұрғындармен, депутаттық корпуспен, қоғамдық ұйымдармен және кәсіпкерлермен тиімді өзара іс-қимылы ауданның тұрақты дамуының маңызды факторы болатыны атап өтілді.

Кездесуді қорытындылаған Берік Уәли өңір басшылығы халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған әлеуметтік маңызы бар жобалар мен бастамаларды жүзеге асыруға жан-жақты қолдау көрсететінін айтты. Мемлекеттік органдардың, депутаттардың, қоғам өкілдері мен тұрғындардың бірлескен жұмысы Бородулиха ауданының дамуына, экономикалық әлеуетінің артуына және халық үшін қолайлы жағдай қалыптастыруға мүмкіндік беретініне сенім білдірді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button