СЕМЕЙДЕГІ ҚАРҚЫНДЫ ДАМЫП КЕЛЕ ЖАТҚАН АУДАНДА ЖАҢА МЕКТЕП САЛЫНАДЫ: BINOM БІЛІМ ОРДАСЫ 1400 ОҚУШЫҒА АРНАЛАДЫ

Абай облысы мәслихатының кезектен тыс XXXVIII сессиясында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты маңызды шешімдер қабылданды. Жиында білім беру саласын дамытуға бағытталған ірі жобалардың бірі — Семей қаласының Қарағайлы шағын ауданында заманауи BINOM мектебін салу мәселесі қаралды.
Мәслихат депутаттары 1400 оқушыға арналған жаңа білім беру нысанын іске асыруға байланысты мемлекеттік міндеттемелерді қабылдауды қолдады. Жоба аясында заманауи талаптарға сай мектеп инфрақұрылымын қалыптастыру, білім сапасын арттыру және қаладағы жаңа аудандардағы оқушы орындары тапшылығын азайту көзделіп отыр.
Кезектен тыс сессия Абай облысы мәслихатының төрағасы Шалқар Байбековтің төрағалығымен өтті. Отырысқа облыс әкімінің бірінші орынбасары Ербол Садыр, облыстық мәслихат депутаттары, қалалық және аудандық мәслихат төрағалары, мемлекеттік мекеме басшылары мен салалық басқармалар өкілдері қатысты.
Сессия басталар алдында мәслихат төрағасы депутаттық құрамдағы өзгерістер туралы хабарлады. Абай облыстық аумақтық сайлау комиссиясының шешіміне сәйкес, «Әділет» партиясының партиялық тізімі бойынша Құрылтай депутаттығына кандидат ретінде ұсынылуына байланысты Съезбек Ахметов, Ерлан Батырбеков және Эльзира Солтабаева депутаттық өкілеттіктерін мерзімінен бұрын тоқтатты.
Шалқар Байбеков әріптестеріне өңірдің дамуына қосқан үлесі, атқарған еңбегі және қоғамдық-саяси жұмыстарға белсенді араласқаны үшін алғыс білдірді. Оларға Абай облысы мәслихатының Алғыс хаттары табысталды.
Жиынның негізгі мәселелерінің бірі 2026–2028 жылдарға арналған облыстық бюджетке өзгерістер енгізу болды. Депутаттар білім беру, әлеуметтік инфрақұрылым және өңірді дамыту бағытындағы басым жобаларды жүзеге асыру үшін қаражатты қайта бөлуді мақұлдады.
Солардың қатарында Семей қаласының Қарағайлы шағын ауданында салынатын BINOM мектебі бар. Депутаттар мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында 2026–2032 жылдарға арналған мемлекеттік міндеттемелерді қабылдауды бірауыздан қолдады.
Жаңа мектеп өңірдегі ірі білім беру нысандарының біріне айналып, 1400 оқушыға сапалы білім алуға мүмкіндік береді. Білім ордасы халықаралық стандарттарға сай заманауи оқу кеңістігі ретінде жоспарланып отыр.
Қарағайлы шағын ауданында тұрғындар саны жыл сайын артып келеді. Мұнда жаңа тұрғын үйлер салынып, мектеп жасындағы балалар саны көбейіп жатыр. Жаңа мектептің ашылуы қолданыстағы білім беру ұйымдарына түсетін жүктемені азайтып, оқушы орындарының тапшылығын шешуге мүмкіндік береді.
Жоба бойынша мектепте физика, химия және биология пәндеріне арналған арнайы кабинеттер, заманауи зертханалар, робототехника және бағдарламалау сыныптары, STEM-кеңістіктер, шығармашылық шеберханалар, цифрлық сыныптар, жаңа форматтағы кітапхана, коворкинг аймақтары, медиастудия, спорт және акт залдары қарастырылады.
Сонымен бірге білім беру үдерісіне заманауи технологиялар мен инновациялық оқыту әдістерін енгізуге ерекше көңіл бөлінеді. Оқушылардың зерттеушілік қабілетін дамытуға, инженерлік ойлауын қалыптастыруға, кәсіпкерлік дағдыларын жетілдіруге және жобалық жұмыстармен айналысуына жағдай жасалады.
Мектепте ерекше білім беру қажеттілігі бар балалар үшін де қолайлы орта құрылады. Жоба аясында кедергісіз инфрақұрылым қалыптастыру қарастырылған.
Депутаттар мұндай жобалар адами капиталды дамытуға, балалардың сапалы білім алу мүмкіндігін кеңейтуге және білім беру жүйесін жаңғыртуға бағытталған мемлекеттік саясаттың маңызды бөлігі екенін атап өтті.
Сессия барысында мемлекеттік қаржылық бақылау органдарының жұмысын жетілдіру мәселесі де қаралды. Талқылау қорытындысы бойынша «Абай облысы бойынша тексеру комиссиясы» мемлекеттік мекемесінің Ережесі жаңа редакцияда бекітілді.
Өзгерістер бюджет қаражатының тиімді пайдаланылуын бақылауды күшейтуге, комиссия жұмысының сапасын арттыруға және мемлекеттік органдар қызметінің ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталған.
XXXVIII кезектен тыс сессия барысында қаралған барлық мәселелер бойынша тиісті шешімдер қабылданды. Олар өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына, мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге және тұрғындардың өмір сапасын арттыруға бағытталған.
BINOM мектебінің құрылысына қолдау көрсету — сессияның негізгі нәтижелерінің бірі болды. Жаңа білім беру нысаны Абай облысының білім беру инфрақұрылымын дамытуға серпін беріп, мыңдаған оқушыға заманауи жағдайда білім алуға мүмкіндік береді.



