Үздік атанып, түлеген көше
Абай ауданында «Үздік көше – 2025» байқауының жеңімпаздары марапатталды

«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында Абай ауданында ұйымдастырылған «Үздік көше – 2025» байқауы өз мәресіне жетті. Игі шараның басты мақсаты – тұрғындарды өз туған көшесін абаттандыруға, ортақ іске жұмыла қатысуға және елді мекеннің келбетін көркеюге үлес қосуға ынталандыру.
Байқау қорытындысы бойынша тартысты бәсекеде Қарауыл ауылындағы Ораз Құтжанов көшесінің тұрғындары топ жарып, «Үздік көше – 2025» аталымының жеңімпазы атанды. Қазылар алқасы бағалау барысында көшенің тазалығына, айналасын көгалдандыруға деген ұмтылысқа, сондай-ақ тұрғындардың ұйымшылдығы мен қоғамдық жұмыстарға көрсеткен белсенділігіне ерекше назар аударды.
Жеңімпаз атанып, мерейі үстем болған тұрғындар қол қусырып отырмай, көшені одан әрі көркейтіп, өсіп келе жатқан жас ұрпаққа қолайлы жағдай жасау жөнінде жаңа ұсыныстарын ортаға салды. Халықтың бұл ізгі бастамасы қолдау тауып, көп ұзамай Ораз Құтжанов көшесінде заманауи балалар ойын алаңы бой көтерді. Бүгінде бұл жаңа алаң ауыл балаларының бос уақытын қызықты, тиімді әрі қауіпсіз өткізуіне толық мүмкіндік беріп отыр.



