Басты жаңалық

Семейде ҚР Ұлттық Банкінің жаңа ғимараты бой көтереді

Аймақ басшысы маңызды жобаны қолдады

Бүгін Абай облысының әкімі Берік Уәли Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Абай облысындағы филиалының директоры Алтынай Әбдірахмановамен жұмыс кездесуін өткізді. Жиынға ұлттық банк жанындағы қызметті қамтамасыз ету орталығы мен құрылыс басқармасының басшылары да қатысты.

Кездесу барысында өңірдегі қаржы саласының дамуы мен филиалдың алдағы жобалары пысықталып, Семей қаласында салынып жатқан жаңа ғимараттың жобасы таныстырылды. Жаңа нысанды салу үшін облыс әкімдігі тарапынан арнайы жер телімі белгіленген.

Абай облысындағы Ұлттық Банктің филиалы 2022 жылдың қыркүйек айында құрылған болатын. Бүгінгі таңда бұл құрылым өңірде бірқатар маңызды бағыттар бойынша жұмыс жүргізіп келеді:

  • Өңірде ақша-кредит саясатын іске асыру;

  • Валюталық реттеу мен бақылауды жүзеге асыру;

  • Қаржы нарығы бойынша статистикалық деректерді жинау және талдау;

  • Тұрғындардың қаржылық сауаттылығын арттыру.

Әсіресе, халықтың қаржылық сауаттылығын көтеру бағытындағы жұмыстар қарқынды. Атап айтқанда, «Өрлеу» ұлттық біліктілікті арттыру орталығымен бірлесіп, мектеп пен колледж педагогтеріне қаржылық сауаттылық негіздерін үйрететін арнайы жоба сәтті жүзеге асырылуда.

Жиын барысында облыс әкімі өңірдегі қаржылық сауаттылықты арттыру мен тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізудің маңызына тоқталды. Сондай-ақ филиалдың жаңа ғимаратының құрылысы мен оған қажетті инженерлік желілерді тарту жұмыстарына әкімдік тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілетінін жеткізді.

«Семей қаласында күзде пайдалануға берілетін, шаһардың көрікті тұсынан, жаңа көпірдің жанынан бой көтеретін жаңа ғимараттың жобасымен таныстық. Жақсы екен. Жаңа нысан біздің қаламыздың сәулеттік келбетін одан ары аша түседі деп ойлаймын. Бұл жоба қаланың дамуы үшін маңызды. Өте қуаныштымыз. Жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін. Қажетті инфрақұрылым жүйелерін жүргізуге, жылу, электр энергиясын жеткізуге әкімдік тарапынан жан жақты қолдау көрсетеміз», – деді Берік Уәли.

Басқа жаңалықтар

Back to top button