Ұлт ұстазы ұлықталды

5 қыркүйек – Қазақстан халқының тілдері күні мен ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күніне орай Абай облысында «Тіл – татулық туы» облыстық фестивалі өтті.
Мерекелік шараға облыс әкімінің орынбасары Мейірлан Раханов, тіл жанашырлары, зиялы қауым өкілдері, этномәдени бірлестіктер, ұстаздар, жастар және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Фестивальде мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруге және оның қолданыс аясын кеңейтуге үлес қосып жүрген азаматтардың еңбегі еленіп, бірқатар тіл жанашыры ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің ведомстволық төсбелгілерімен, Құрмет грамоталарымен және алғыс хаттармен марапатталды.
Мемлекеттік тілдің дамуына үлес қосып жүрген кәсіпкерлер мен тіл жанашырларын қолдауға бағытталған «Жарнама – тіл тазалығының көрінісі» облыстық байқауының да жеңімпаздары анықталды. Үздіктерге арнайы дипломдар мен қаржылай сыйлықтар табысталды.
Шараның мәнін аша түскен маңызды сәттердің бірі – ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының қанатты сөздерінен құралған пролог болды. Ғалымның тіл мен ұлт болашағы туралы ойлары мерекенің мазмұнымен астасып, көрерменге ерекше әсер сыйлады.
Мерекелік бағдарлама түрлі этнос өкілдерінің өнерімен жалғасты. Әр халықтың әні мен биі бір сахнада тоғысып, ортақ шаңырақ астындағы бірлік пен өзара сыйластықты көрсетті.
Фестиваль қонақтары сондай-ақ Ахмет Байтұрсынұлының өмірі мен шығармашылығына арналған көрмені тамашалады. Бұған қоса этномәдени бірлестіктердің ұлттық салт-дәстүрі мен мәдениетін таныстыратын көрме көпшілік назарына ұсынылды.



