Семейде қоғамдық кеңестер рөлін арттыруға арналған семинар өтті

Семей қаласында «Қоғамдық кеңестер: ашық диалог және тиімді коммуникация» тақырыбында семинар ұйымдастырылды. Іс-шара 19 желтоқсанда Шәкәрім университетінің «Үш анық» мәжіліс залында өтті.
Семинардың негізгі мақсаты – қоғамдық кеңестер институтын дамыту, олардың қызметі туралы халықтың хабардарлығын арттыру, сондай-ақ қоғам мен мемлекеттік органдар арасындағы тиімді коммуникация тетіктерін жетілдіру.
Жиынға Абай облысы мен аудандық деңгейдегі қоғамдық кеңес мүшелері, сарапшылар мен сала мамандары қатысты. Семинар модераторы – Абай облысы қоғамдық кеңесі төрағасының орынбасары Қайрат Мирашев.
Іс-шара барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында қоғамдық кеңестердің рөлін күшейтуге ерекше мән берілгені атап өтілді. Осы бағытта қоғамдық кеңестердің қазіргі қызметіне талдау жасалып, оларды дамыту жолдары кеңінен талқыланды.
Семинардың ашылуында алғашқы сөз Абай облысы әкімінің орынбасары Мейірлан Рахановқа берілді. Ол өңірдің қоғамдық-саяси өміріне белсене атсалысып жүрген бірқатар азаматтарға алғыс хаттар табыстады.
Сондай-ақ семинар барысында:
- Абай облыстық қоғамдық кеңесінің мүшесі, Alikhan Bokeikhan University проректоры Айрат Базенов;
- Шығыс Қазақстан облысының талдау және болжау институты директоры Аяужан Әшімова;
- Абай аудандық қоғамдық кеңесінің төрағасы Марат Еділбаев;
- Абай облысының өңірлік коммуникациялар қызметінің директоры Жадыра Мұратбекова баяндама жасап, өз тәжірибелерімен бөлісті.
Баяндамаларда қоғамдық кеңестердің практикалық қызметі, ашықтықты арттыру, қоғаммен және мемлекеттік органдармен өзара тиімді байланыс орнату мәселелері қозғалды. Қатысушылар арасында ашық пікір алмасу өтіп, нақты ұсыныстар айтылды.
Семинар соңында қатысушылар қоғамдық кеңестер жұмысына жаңа серпін беру, ортақ мақсат жолында бірлесе еңбек ету қажеттігін атап өтті. Іс-шара қорытындыланып, естелік фотоға түсу рәсімімен аяқталды.



