Мал шаруашылығында кадрлық және әлеуметтік мәселелер талқыланды

Қазақстанда мал шаруашылығында еңбек ететін азаматтарға әлеуметтік қолдауды күшейту мақсатында зейнет жасын төмендету мәселесі қарастырылып жатыр. Бұл бастама 2026–2030 жылдарға арналған агробизнес пен мал шаруашылығын дамыту жөніндегі кешенді жоспар жобасына енгізілген.
Аталған жоспар Ауыл шаруашылығы министрлігінде өткен Қоғамдық кеңестің отырысында талқыланды. Жиынға министрлік басшылығы, салалық қауымдастық өкілдері, ғалымдар мен сарапшылар қатысты. Отырыста Қоғамдық кеңестің 2026 жылға арналған жұмыс жоспары бекітіліп, агроөнеркәсіп кешенін дамытуға қатысты басым бағыттар айқындалды.
Кешенді жоспар Мемлекет басшысының тапсырмасымен әзірленіп, мал шаруашылығындағы өндіріс көлемін арттыруға, еңбек өнімділігін өсіруге және экспорттық әлеуетті күшейтуге бағытталған. Құжатты дайындау барысында Парламент депутаттары, өңір әкімдіктерінің өкілдері, қаржы секторы, ғылым мен бизнес қауымдастығының ұсыныстары ескерілген. Жалпы саны 154 ұсыныс қаралып, 9 кеңейтілген отырыс өткізілген.
Жоспардың негізгі басымдықтарының бірі – мал шаруашылығын қаржыландыруды қолжетімді ету. Атап айтқанда, асыл тұқымды мал сатып алуға 6 пайыздық жеңілдетілген несие беру, айналым қаражатын толықтыруға барлық бағыт бойынша 5 пайыздық несие ұсыну көзделіп отыр. Бұл қаражат жем-шөп, жанар-жағармай, ветеринариялық дәрі-дәрмек және өзге де өндірістік шығындарға жұмсалуы мүмкін.
Сонымен қатар, пайдаланылмай жатқан жайылымдардың әлеуетін іске қосу үшін көшпелі мал шаруашылығын дамытуға арналған бірыңғай 6 пайыздық несие өнімі енгізу жоспарлануда. Барлық қаржыландыру тетіктері «Даму» қоры арқылы мемлекеттік кепілдікпен қамтамасыз етіледі.
Кешенді жоспардың маңызды бөлігінің бірі – кадр мәселесі мен әлеуметтік қолдау шаралары. Атап айтқанда, қойшылар мен бақташылар үшін зейнет жасын төмендету, әскерге шақыруды кейінге шегеру және олардың балаларына білім гранттарын басымдықпен бөлу ұсынылып отыр.
Сарапшылардың пікірінше, бұл бастамалар мал шаруашылығында еңбек ететін азаматтардың әлеуметтік жағдайын жақсартып қана қоймай, салаға кадр тартуға және ауыл экономикасының тұрақты дамуына оң ықпал етеді.



