Облыс әкімі зиялы қауым өкілдерімен және ақсақалдармен кездесті

Бүгін облыс әкімі Берік Уәли өңірдің дамуына елеулі үлес қосқан зиялы қауым өкілдерімен және ардақты ақсақалдармен кездесті. Кездесуге еңбек ардагері Болат Сапорұлы, ақын, мәдениеттанушы Құсмілия Нұрқасым және Қазақстанның Құрметті журналисі Сүйеубай Байқадиев қатысты.
Болат Сапорұлы — Шығыс Қазақстан облысы, Бородулиха және Тарбағатай аудандарының Құрметті азаматы, «Парасат» және «Құрмет» ордендерінің, «Абай облысына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісінің иегері. Ол әр жылдары Бородулиха мен Ақсуат аудандарында басшылық қызмет атқарып, ауыл шаруашылығын дамытуға, әлеуметтік нысандарды сақтап қалуға, білім және денсаулық сақтау салаларын нығайтуға үлес қосты.
Кездесу барысында зиялы қауым өкілдері Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Түркістан» газетінде жарияланған сұхбатында көтерілген басым бағыттарға қатысты пікірлерін білдірді. Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, мәдениет пен әдебиетті қолдау, рухани мұраны сақтау, алаш қайраткерлерінің еңбектерін насихаттау мәселелері қозғалды.
Аймақ басшысы өңірде жүзеге асырылып жатқан жобаларға тоқталып, Президенттің қолдауымен басталған «Абайға құрмет» акциясының маңызын атап өтті. Сондай-ақ мәдениет саласындағы игі бастамалар мен жоспарланған жұмыстар туралы баяндап, кездесуде айтылған ұсыныстардың жұмыс жоспарына енгізілетінін жеткізді.
Еске салайық, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Абайдың 180 жылдығы былтыр алғаш рет 10 күндік форматта аталып өтті. Осы аясында мәдени-рухани және танымдық іс-шаралар ұйымдастырылып, «Абай жолы» кітапханасы жобасы бойынша 19 автордың 25 кітабы жарық көрді. Өңірдегі мәдени нысандар жаңғыртылып, ауылдық клубтар ашылды. Бұл жұмыстар биыл да жалғасын табады.



