Басты жаңалық

Қазақстанда балалар арасында кең тараған Roblox ойынын бұғаттау ұсынылды

Мәжіліс депутаты Үнзила Шапақ Қазақстанда балалар жаппай ойнап жүрген Roblox онлайн-платформасын бұғаттау мүмкіндігін қарастыруды ұсынды. Оның айтуынша, ата-аналар, педагогтер және халықаралық сарапшылар тарапынан бұл ойынның балалар психикасына кері әсер етуі мүмкін екендігіне қатысты алаңдаушылық жиі көтерілуде.

Депутаттың сөзінше, Roblox-та виртуалды тәуелділікке ұрыну, агрессивті мінез-құлықтың қалыптасуы, шынайы өмірден алшақтау және жас ерекшелігіне сай келмейтін контентке тап болу жағдайлары кездеседі. Бұл факторлар балалардың психологиялық дамуына ұзақ мерзімді теріс салдар әкелуі мүмкін.

Бүгінде «Roblox» атауын білмейтін бала жоқ деуге болады. Бұл – пайдаланушыларға өз ойындарын құруға, виртуалды әлемдерде қарым-қатынас жасауға және басқа ойыншылармен тікелей байланыс орнатуға мүмкіндік беретін халықаралық онлайн-платформа.

Депутат аталған мәселені жауапты мемлекеттік органдар тарапынан жан-жақты талдап, тиісті шешім қабылдау қажеттігін атап өтті.

Басқа жаңалықтар

Back to top button