Гендерлік саясаттың мәні неде?

Гендерлік саясат туралы қоғамда алуан пікір бар. Көпшілік бұл ұғымды тек әйел құқығы мен әйел мәртебесін көтеру ретінде қабылдайды. Ал шындығында гендерлік саясат сапалы және теңгерімді басқарудың негізі. Ер мен әйелдің саяси үдеріске тең қатысуы шешімдердің сапасын арттырып, қоғам мен билік арасындағы сенімді нығайтады.
Қазір еліміздің саяси алаңында әйелдердің үлесі әлі де төмен. Сондықтан бұл бағыт декларация деңгейінен нақты іске көшті. Соның айқын дәлелі – «Томирис» жобасы.
2022 жылдан бері жүзеге асып келе жатқан жоба әйелдердің саяси көшбасшылығын жүйелі даярлау моделіне айналды. Бүгінде ол AMANAT партиясының институционалдық қолдауына ие кадрлық алаң ретінде жұмыс істейді. Үш жылда 112 әйел оқудан өтіп, олардың 32 пайызы мәслихат депутаты болып сайланды.
Жоба түлектері партия құрылымдарына, қоғамдық кеңестер мен өңірлік бастамаларға қатысуда. Абай облысы да осы үрдіске белсенді қатысып, жергілікті деңгейде әйел көшбасшылар пулын қалыптастыруда.
Абай облысы AMANAT партиясының баспасөз қызметі бөлімінің меңгерушісі Айнаш Әменованың айтуынша, гендерлік саясат партияның тұрақты даму күн тәртібіндегі басым бағыттардың бірі. «Біз әйелдердің саясатқа тең қатысуын тек әлеуметтік әділеттілік мәселесі ретінде емес, басқару сапасын арттыратын стратегиялық ресурс деп қараймыз.»,- дейді ол.
Осылайша, «Томирис» – әйелдердің саясатқа келуіне жол ашқан оқу жобасы ғана емес, гендерлік теңдікті іске асыратын және жаңа саяси мәдениет алаңына айналды.



