Инвестициялық жоба жүзеге асырылды

Абай облысының әкімі Берік Уәлиұлының «Туған жерге туыңды тік» инвестициялық жобасы аясында ауданға инвестор тартылып, облыстық маңызы бар Қарауыл – Семей тас жолының бойында жаңа жанар-жағармай бекеті іске қосылды. Нысанның жалпы аумағы – 2 500 шаршы метр, жоба құны – 350 млн теңге.
Заманауи талаптарға сай жабдықталған бекетте 6 колонка бір мезетте 12 көлікке бензин және дизель отынын құюға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, жолаушыларға арналған шағын маркет қызмет көрсетеді. Қазіргі таңда компанияның еліміз бойынша 43 сауда бекеті жұмыс істейді.
Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін арттыруды көздейтін жоба нәтижесінде 10 адам тұрақты жұмыспен қамтылды.
Нысанның салтанатты ашылуына аудан әкімі Мейіржан Серікбосынұлы қатысып, құттықтау сөз сөйледі. Ол жобаның Абай ауданында жүзеге асуына қолдау білдірген «LUKOIL Лубрикантс Орталық Азия» ЖШС бас директорының коммерциялық мәселелер жөніндегі орынбасары Аббасов Джейхун Муса оғлына және «GAS&MҰНАЙ» ЖШС директоры Ауқат Серік Амангелдіұлына алғыс білдірді.
Жаңа бекет аудан тұрғындары мен жолаушыларға қолайлы жағдай жасап, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң серпін береді. Ашылу салтанаты барысында алғашқы 20 көлікке 10 литр бензин тегін таратылды.



