Басты жаңалық

Теңгенің мәртебесін Конституцияда бекіту ұсынылды

Конституциялық реформалар жөніндегі комиссияның сегізінші отырысында Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильянов ұлттық валютаның мәртебесін Конституция деңгейінде бекітуді ұсынды.

Оның айтуынша, бұл қадам мемлекеттің экономикалық егемендігін нығайтып, қаржы жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

— Ақша айналымы қаржы жүйесінің негізгі элементі ретінде тек белгіленген валютаның болуын ғана емес, сонымен қатар оны шығаруға, реттеуге және тұрақтылығын қорғауға жауапты институттың нақты анықталуы қажет. Мұндай конституциялық бекіту құқықтық айқындықты, институционалдық тұрақтылықты және қаржы жүйесінің болжамдылығын қамтамасыз етеді. Бұл тәсіл цифрлық қаржы құралдары мен виртуалды активтер қарқынды дамып жатқан кезде ерекше өзекті, — деді Нұртай Сабильянов.

Оның сөзінше, жаңа қаржы құралдарының көбеюі ұлттық валюта мен ресми төлем құралына жатпайтын өзге активтердің аражігін нақты ажыратуды талап етеді.

— Эмиссиялық органның Конституцияда айқындалуы ұлттық валютаның тұрақтылығына кепілдік беретін институтты нақты көрсетеді. Бұл қаржы жүйесіне деген сенімді нығайтады, — деді депутат.

Осыған байланысты ұлттық валютаны шығару және ақша-кредит саясатын жүргізетін жалғыз орган ретінде Ұлттық банктің мәртебесін Конституция деңгейінде бекіту ұсынылды.

Басқа жаңалықтар

Back to top button