Семейдегі зауытта жалақы төленбегеніне бес ай: жұмысшылар дабыл қақты

Семей қаласындағы Семей машина жасау зауытының қызметкерлері бес айдан бері жалақысын ала алмай отырғанын мәлімдеді. Еңбек ұжымы бұл жағдайды жай кешігу емес, адамдарды тығырыққа тіреген күрделі әлеуметтік мәселе деп отыр.

Жұмысшылардың айтуынша, бірнеше ай бойы еңбекақы мүлде төленбеген. Соның салдарынан ондаған отбасы негізгі табыс көзінсіз қалып, несие мен коммуналдық төлемдерін уақытылы өтей алмай отыр. Көпшілігінің банк шоттары бұғатталып, қарыз жүктемесі артқан.
Мәселені ушықтырған тағы бір жайт — зейнетақы, әлеуметтік және міндетті медициналық сақтандыру аударымдарының жүргізілмеуі. Бұл қызметкерлердің медициналық қызметке қол жеткізуіне де кері әсер еткен. Әсіресе көпбалалы отбасылар мен жалғыз асыраушы азаматтар үшін жағдай күрделене түскен.
Зауыттағы жағдай қоғам назарын аударды. Экс-депутат Серік Байғалиев бұл мәселені әлеуметтік желіде көтеріп, Абай облысының әкіміне үндеу жолдады. Ол өңір басшылығын еңбек ұжымының мәселесіне жедел араласып, жалақысын ала алмай отырған азаматтарға нақты көмек көрсетуге шақырды.
«Семей машина жасау зауыты» АҚ басшылығымен мәселе талқыланды. «Oljakol» ЖШС-нің санаторлары қаржы мәселесін қарастырдық. Түйткілді жақын уақытта шешеміз деп уәде етті», — деп парақшада Абай облысының кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық басқармасы жауап берді.
Сонымен қатар, әлеуметтік желідегі пікірлерде ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Абай облысы бойынша департаменті де жауап беріп, прокуратура талабына сәйкес «Семей машина жасау зауыты» АҚ-да жоспардан тыс тексеру жүргізілетінін мәлімдеді.
Алайда жұмысшылар үшін ең маңыздысы — уәде емес, жалақының нақты қашан төленетіні. Қазір еңбек ұжымы белгісіз мерзімге созылған күтуден шаршағанын айтып, мәселенің тез арада шешілуін талап етіп отыр.



