Полиция департаментінде мемлекеттік қызмет мәселелері талқыланды

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Абай облысы бойынша департаментінің басшысы Руслан Шарипов Абай облысы Полиция департаментінің жеке құрамымен жұмыс кеңесін өткізді.
Кездесу барысында мемлекеттік қызмет саласындағы бірыңғай саясаттың негізгі бағыттары, қызметтік әдеп нормаларын сақтау, ұжымдық мәдениетті нығайту және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мәселелері жан-жақты талқыланды.
Айта кету керек, департамент өңірде мемлекеттік қызмет пен мемлекеттік қызмет көрсету сапасына бақылау жүргізіп, мониторинг ұйымдастырады және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу бағытында жүйелі жұмыс атқарады. Осы тұрғыда полиция қызметкерлерімен өткен кездесу мемлекеттік аппарат пен құқық қорғау органдары арасындағы өзара іс-қимылды нығайтуға бағытталған маңызды диалог алаңына айналды.
Кеңес барысында құқық қорғау саласының ерекше жауапкершілігіне назар аударылды. Полиция қоғам мен мемлекет арасындағы сенім көпірі екені, сондықтан әр қызметкер кәсіби міндетін сапалы орындаумен қатар, әдеп нормаларын сақтап, азаматтармен қарым-қатынаста мәдениеттілік танытуы қажет екені атап өтілді.
Руслан Шарипов мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексі талаптарын сақтау, қызметтік тәртіпті күшейту, мүдделер қақтығысына жол бермеу және ашықтық қағидаттарын ұстану мәселелеріне тоқталды. Сондай-ақ сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмау тек бақылаумен шектелмей, әр қызметкердің жеке жауапкершілігі мен ішкі мәдениетіне байланысты екенін жеткізді.
Жиын барысында қызметтік әдеп жөніндегі уәкілдердің рөлі, мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру және азаматтардың өтініштерін қарау кезінде заңдылық пен объективтілікті қамтамасыз ету мәселелері де көтерілді.
Мамандардың айтуынша, құқық қорғау органдары қызметкерлерінің кәсіби бейнесі мемлекеттік қызметтің беделі мен қоғам сенімін айқындайтын маңызды фактор болып қала береді.



