Басты жаңалық

Қала емес, ауыл трендке айналды

2026–2028 жылдары Абай облысында «Қаладан – ауылға» пилоттық жобасы жүзеге асырылады. Бастама ауылдық аумақтарды дамытуға, кадр тапшылығын азайтуға және халықтың өмір сапасын арттыруға бағытталған. Жоба аймақ басшысы Берік Уәлидің қолдауымен іске аспақ.

Жобаның негізгі мақсаты – ауыл тұрғындарын тұрақтандыру, қаладан ауылға көшу үрдісін ынталандыру және шағын әрі орта бизнесті дамыту. Сонымен қатар ауылда өмір сүруге қолайлы жағдай қалыптастыру.


Өңір аумағы 185,5 мың шаршы шақырымды құрайды. Облыста 10 аудан мен 2 қала бар. Бағдарлама аясында мемлекеттік қолдаудың бірнеше тетігі ұсынылады. Атап айтқанда, «Дипломмен ауылға» бағдарламасы арқылы медицина мамандарына 8,5 млн теңгеге дейін көтермеақы беріледі. Мұғалімдер мен әлеуметтік сала қызметкерлеріне 432,5 мың теңге көлемінде қолдау қарастырылған. Тұрғын үй алуға да жеңілдік ұсынылады.


Қоныс аударушылар үшін «Жұмыс күшінің ұтқырлығын арттыру» бағдарламасы іске асады. Әр отбасы мүшесіне көшу шығындары төленіп, жалдамалы тұрғын үйге ай сайынғы төлем қарастырылған. Бұдан бөлек, үй сатып алуға арнайы сертификаттар беріледі.


Әлеуметтік бағдарламалар да қамтылған. «Жастар практикасы» бойынша 129 750 теңге, ал «Қоғамдық жұмыстар» арқылы 103 800 теңге төлем қарастырылған. «Күміс жас» және әлеуметтік жұмыс орындары арқылы еңбекақының бір бөлігі субсидияланады.


Кәсіпкерлікті дамытуға ерекше назар аударылған. Жаңа бизнес-идеяларға 1 730 000 теңге көлемінде мемлекеттік грант беріледі. Сонымен қатар «Бір ауыл – бір өнім» жобасы аясында 5 млн теңгеге дейін қолдау көрсету жоспарланған.


Ауыл шаруашылығы бағытында «Ауыл аманаты» бағдарламасы іске асып, жеңілдетілген несие ұсынылады. Ал «Тауарлы несие» жобасы арқылы ауыл тұрғындарына мал беріліп, табысын арттыруға мүмкіндік жасалады.


Тұрғын үй мәселесін шешу үшін арнайы ипотекалық бағдарламалар да қарастырылған. «Отбасы банк» арқылы 9%-дық мөлшерлемемен несие беру, әлеуметтік санаттар үшін 7%-ға дейін төмендету мүмкіндігі бар.


Жоба нәтижесінде ауылдарда жұмыссыздық деңгейі төмендеп, шағын бизнес дамиды, халық табысы артады деп күтілуде. Сонымен қатар әлеуметтік сала мамандарының тапшылығы азайып, ауылға қоныс аударушылар саны өседі.


Аймақта 69 медициналық нысан жұмыс істейді, 61 су жобасы іске асқан, 260 ауыл интернетпен қамтылды. Жаңа бастама осы көрсеткіштерді одан әрі жақсартуды көздейді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button