Қала инфрақұрылымы жаңа деңгейге өтті

2025 жылы қаладағы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласы нақты нәтижелермен сипатталды. Жылумен жабдықтау, сумен қамту және абаттандыру бағыттарында жүйелі жұмыстар жүргізіліп, инфрақұрылымның сенімділігі мен қолжетімділігі артты.
Жылумен жабдықтау жүйесінде 21 қазандық пен ЖЭО-1, 76 орталық жылу пункті және 92 қазандық агрегаты үздіксіз жұмыс істеді. Жалпы ұзындығы 325,5 шақырым жылу желісінде жөндеу және жаңарту шаралары атқарылды. 2025–2026 жылғы жылыту маусымына дайындық үшін 4,949 млрд теңге бөлініп, 13 жылу көзінде жөндеу жүргізілді, 3,49 шақырым жылу желісі жаңартылды. Нәтижесінде жылыту маусымы штаттық режимде өтіп, апаттық жағдайлар тіркелген жоқ.
Сумен жабдықтау және су бұру саласында 14 жоба іске асырылып, оның 7-еуі мемлекеттік арнайы қор арқылы қаржыландырылды. Барлық нысандар уақытында пайдалануға берілді. Жүргізілген жұмыстар қаланың бірқатар аудандарында орталықтандырылған су жүйесіне қосылу мүмкіндігін кеңейтіп, тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамту деңгейін арттырды.
Қалалық ортаны жақсарту бағытында 23 аула абаттандырылып, «Халық қатысатын бюджет» аясында 9 жоба жүзеге асырылды. Аулаішілік жолдар жөнделіп, тротуарлар салынды, балалар және спорт алаңдары орнатылды. Жарықтандыру мен көгалдандыру жұмыстары жүргізіліп, тұрғындарға қолайлы орта қалыптасты.
2026 жылы бұл бағыттағы жұмыстар жалғасады. Жылумен жабдықтау саласында 2,5 млрд теңге бөлініп, 11 жылу көзінде жөндеу жүргізу және 11,41 шақырым жылу желісін жаңарту жоспарланған. Сонымен қатар сумен жабдықтау жүйесінде өтпелі жобаларды аяқтау, кәріз коллекторларын жаңғырту және цифрландыру жұмыстарын күшейту көзделген.
Абаттандыру бойынша 35 аула аумағын жаңарту жоспарланып отыр. Бұл қалалық инфрақұрылымды кезең-кезеңімен жақсартып, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған жүйелі жұмыстың жалғасы болмақ.



