Басты жаңалық

Семейде облыс әкімінің жаңа жылдық шыршасы өтті

Семей қаласындағы «Арена» мәдени-спорт кешенінде «Ғажайыпқа толы Жаңа жыл!» атты облыс әкімінің дәстүрлі жаңа жылдық шыршасы ұйымдастырылды. Мерекелік шараға Абай облысынан 150 оқушы қатысты.

Шыршаға 9–13 жас аралығындағы жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан оқушылар, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар, сондай-ақ оқу, спорт, шығармашылық және қоғамдық өмірде жоғары жетістікке жеткен үлгілі оқушылар шақырылды. Іс-шараға қала-аудандардан, арнайы интернаттар мен мекемелерден келген балалар да қатысты.

Облыс әкімі Берік Уәли балаларды Жаңа жыл мерекесімен құттықтап, ізгі тілегін білдірді. Аймақ басшысы Абай елінің білімді, талантты ұрпағынан зор үміт күтетінін атап өтіп, оқушыларды оқу мен өнерде биік белестерді бағындыруға шақырды.

Мерекелік бағдарлама аясында театрландырылған қойылым көрсетіліп, аниматорлар мен балалар шығармашылық ұжымдары өнер көрсетті. Аяз Ата мен Ақшақардың қатысуымен ойындар мен байқаулар ұйымдастырылып, мерекелік концерт өтті.

Шара соңында әр балаға облыс әкімі атынан 100 мың теңгенің сыйлық сертификаты, сондай-ақ тәттілер мен ойыншықтар салынған жаңа жылдық себет табысталды.

Басқа жаңалықтар

Back to top button