Семейде Мемлекеттік рәміздер алаңының капсуласы салынды

Семей қаласындағы Бейбітшілік аралында, «Өлімнен де күшті» монументі маңында Мемлекеттік рәміздер алаңының капсуласын салу рәсімі өтті. Жоба Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орай қолға алынған «Абайға құрмет» бастамасы аясында Солтүстік Қазақстан облысының тартуы. Іс-шараға Солтүстік Қазақстан облысының әкімінің орынбасары Нұрлан Кеңесов қатысты.
Жоба жаңа, заманауи әрі символдық мәнге ие қоғамдық орындарды қалыптастыруды көздейді. Рәміздер алаңының ұзындығы 35 метрді құрайды. Бұл көрсеткіш Қазақстан Тәуелсіздігінің 35 жылдығына орай символикалық мәнге ие.
Ұсынылған жоба паспортына сәйкес, нысан дөңгелек пішінде жобаланған. Құрылыс металл және темірбетон конструкцияларынан тұрғызылып, сыртқы әрлеуде мәрмәр элементтер қолданылады.
Нысанның пайдалану мерзімі 50 жылға дейін есептелген. Жалпы ауданы 615,75 шаршы метрді, ал құрылыс көлемі 2 059 текше метрді құрайды. Жоба инженерлік талаптарға толық сәйкес келеді: су бұру, жарықтандыру және өзге де жүйелер қарастырылған.
Аталған бастама аясында қала инфрақұрылымы жаңарып, қоғамдық орталардың сапасы артады деп күтілуде.



