Абай облысында 28 азаматтың құқығы қалпына келтірілді

ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Абай облысы бойынша департаменті мемлекеттік қызметтердің сапасын бақылап, азаматтардың құқықтарының сақталуын қадағалайды.
2025 жылы департамент барлығы 32 тексеру жүргізді. Оның 15-і жоспарлы болса, 17-сі азаматтардың шағымдары негізінде өтті. Тексеру барысында 2000-нан астам заңбұзушылық анықталған. Негізінен мемлекеттік қызметті кешіктіріп көрсету, негізсіз бас тарту сияқты жағдайлар тіркелген.
Жүргізілген жұмыстар нәтижесінде 28 азаматтың бұзылған құқығы қалпына келтірілді.
Мысалы, облыс аудандарының бірінде 18 тұрғынға жер учаскесін жалға алу мерзімін ұзартудан негізсіз бас тартылған. Департамент араласқаннан кейін жалға алу мерзімі ұзартылып, тұрғындар жерді заңды түрде пайдалануды жалғастырып отыр.
Сонымен қатар көпбалалы отбасылар мен атаулы әлеуметтік көмек алушыларға жәрдемақы тағайындаудан да негізсіз бас тарту жағдайлары анықталды. Нәтижесінде 5 азаматқа жалпы сомасы 1,2 миллион теңгеден астам төлем тағайындалды.
Тағы бір жағдайда көпбалалы отбасылардың тұрғын үйді жекешелендіру туралы өтініштері ұзақ уақыт қаралмаған. Департаменттің ұсынысынан кейін өтініштер қаралып, 4 отбасы өз үйлерін жекешелендіріп, меншік иесі атанды.
Департамент алдағы уақытта да мемлекеттік қызметтердің сапасын арттырып, азаматтардың құқықтарын қорғау бағытындағы жұмыстарды жалғастырады.



