2026 жылы Абай облысында 13 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылады

Абай облысында 2026 жылы халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік қолдау шаралары жүйелі түрде жалғасады. Өңірде жыл ішінде 13 324 адамды жұмысқа орналастыру жоспарланып отыр. Оның ішінде 9 316 адам тұрақты жұмысқа, ал 4 008 адам уақытша жұмыс орындарына жіберіледі.
Жұмыспен қамту бірнеше бағыт арқылы жүзеге асырылады. Инфрақұрылымдық жобалар аясында 1 151 адам жаңа жұмыс орындарына орналастырылады. Сонымен қатар мемлекет субсидиялайтын уақытша жұмыс орындарына 3 050 жұмыссыз азамат жолданады. Ал жаңадан ашылған кәсіпорындарға 3 418 адам, жұмыс берушілер жариялаған бос жұмыс орындарына 5 500 адам жұмысқа орналасады.
Әлеуметтік осал топтағы азаматтарды қолдау үшін 205 адамға бизнес ашуға арналған 400 АЕК-ке дейінгі қайтарымсыз гранттар беріледі.
2025 жылдың қорытындысы бойынша облыста 27 602 адам жұмысқа орналастырылды, бұл жылдық жоспардың 120,6%-ын құрайды. Оның ішінде 18 843 адам тұрақты жұмысқа, ал 8 759 адам уақытша жұмыс орындарына орналасқан.
Жұмыссыз азаматтарды кәсіптік оқыту да жалғасады. 2026 жылы еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша 280 адамды оқыту жоспарланған. Оқу кезеңінде мемлекет тарапынан ай сайын 43 574 теңге шәкіртақы төленеді. Сонымен қатар медициналық тексеруге 8 650 теңге, ал ауылдан келген азаматтарға жол шығыны мен тұрғын үй жалдауға қосымша қаржылай көмек қарастырылған.
Әлеуметтік қолдау шаралары да кең көлемде жүргізілуде. 2026 жылы атаулы әлеуметтік көмек төлеу үшін жергілікті бюджеттен 2,5 млрд теңге бөлінді. Бұл шамамен 23 мың адамды қамтуға мүмкіндік береді.
2025 жылы атаулы әлеуметтік көмек 14 111 адамға (2 781 отбасыға) төленіп, оның жалпы көлемі 1,7 млрд теңгені құрады. Сонымен қатар 1 жастан 6 жасқа дейінгі 4 035 балаға ай сайын қосымша төлем беріліп, оған 184,9 млн теңге бағытталды.
Бұдан бөлек, мерекелік және атаулы күндерге байланысты біржолғы әлеуметтік көмек көрсетіледі. 2026 жылы жергілікті бюджеттен 2,1 млрд теңге бөлініп, 44 910 азаматты қамту жоспарланған. Ал 2025 жылы 43 283 адамға жалпы 1,8 млрд теңге көлемінде біржолғы төлем төленді.
Өңірде әлеуметтік қолдау жүйесі мұқтаж азаматтарды нақты анықтауға бағытталып жатыр. Алдағы уақытта әлеуметтік көмекті тағайындауда азаматтардың нақты әл-ауқатын анықтайтын скорингтік бағалау жүйесі енгізіледі.



