Басты жаңалық

Абай облысында су тасқынына қарсы дайындық күшейтілді

Абай облысында көктемгі су тасқыны кезеңіне дайындық жұмыстары күшейтілген режимде жүргізіліп жатыр. Республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы мен «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» филиалының мамандары өңірдегі қауіпті учаскелерді тұрақты бақылауға алған.

Өңірдегі республикалық маңызы бар жолдардың жалпы ұзындығы 2 176 шақырымды құрайды. Оның ішінде 1 948 шақырымы «ҚАЖсервис» ЖШС филиалының теңгерімінде болса, қалған 228 шақырым жол мердігер ұйымдардың қарауында. Жауапты учаскелерде барлығы 85 көпір мен 1 336 су өткізгіш құбыр орналасқан. Қазіргі уақытта олардың барлығы тексеріліп, су тасқыны кезеңіне дайындық шаралары толық көлемде жүргізілуде.

Мамандар су басу қаупі жоғары 17 учаскені анықтады. Оның ішінде 11 су өткізгіш құбырда су жиналу қаупі ерекше назарға алынған. Аталған аймақтарда тәулік бойы бақылау ұйымдастырылып, жағдай тұрақты қадағаланып отыр.

Төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында өңірде 7 апаттық бригада жасақталып, 71 арнайы техника дайындыққа келтірілді. Олардың қатарында 20 самосвал, 15 автогрейдер, 22 трактор, 7 тиегіш және 7 жол техникасы бар.

Сонымен қатар қажетті материал қоры толықтай қамтамасыз етілген. Атап айтқанда, 2 000 текше метр құм, 1 439 текше метр тас, 24 000 қап және 1 900 текше метр құм-қиыршық тас қоспасы әзір тұр. Ал Семей–Қайнар, Таскескен–Бақты және Тарбағатай–Ақсуат бағыттарындағы қауіпті жол учаскелеріне алдын ала қиыршық тас төселді.

Су тасқыны қаупі бар аймақтарға жақын орналасқан 112 су өткізгіш құбыр толық тазартылып, су өткізу қабілеті арттырылды. Жалпы өңір бойынша 1 336 құбыр мен 85 көпір тұрақты бақылауда.

Қазіргі таңда «ҚАЖсервис» филиалының 308 қызметкері тәулік бойы кезекшілік режимінде жұмыс істеуде. Сонымен қатар 7 жол пайдалану бөлімі мен 7 жол пайдалану пункті күшейтілген режимге көшіп, көктемгі кезеңдегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды үздіксіз жалғастырып жатыр.

Басқа жаңалықтар

Back to top button