Архатқа көш, қалқатай!

Абай облысы Абай ауданына қарасты Архат ауылы «Қаладан ауылға» пилоттық жобасы аясында жаңа тұрғындарды қабылдауға дайын. Қазіргі таңда ауылға көшіп келуге ниетті 3 отбасы өтінім беріп отыр.
Архат – негізінен мал шаруашылығына бағытталған елді мекен. Бүгінде мұнда 58 шаруа қожалығы мен 3 жауапкершілігі шектеулі серіктестік жұмыс істейді. Ауыл экономикасының негізгі тірегі – төрт түлік өсіру.

Ауыл әкімі Архат елді мекенінде еңбек етемін деген азаматтарға барлық жағдай жасалып жатқанын атап өтті.
«Архат – еңбекқор адамға мүмкіндік мол ауыл. Қоныс аударушыларға барынша қолдау көрсетуге дайынбыз. Мемлекеттік жоба аясында ғана емес, жергілікті шаруашылықтар мен кәсіпорындар да көмегін аямайды», – деді ауыл әкімі.

Ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына «Бельсу» алтын кен орны айтарлықтай үлес қосып отыр. Кәсіпорын тарапынан көшіп келушілерге қаржылай қолдау көрсету қарастырылған. Сонымен қатар, «Архат-Орда» қоғамдық қоры арқылы ауыл инфрақұрылымын жақсартуға жыл сайын қомақты қаражат бөлінеді. Бұған дейін қор арқылы 30 млн теңге бағытталса, биыл бұл көрсеткіш 40 млн теңгеге дейін ұлғайған.
Аталған қаражат елді мекеннің тұрмыс сапасын арттыруға жұмсалуда. Атап айтқанда, тұрғындарға тегін көмір тарату, қоқыс шығару қызметін ұйымдастыру сияқты әлеуметтік қолдау шаралары жүйелі түрде іске асырылып келеді.

Білім және денсаулық сақтау салаларында да қажетті инфрақұрылым бар. Ауылда амбулатория жұмыс істейді. Мектепке орыс тілі мен математика пәндерінің мұғалімдері қажет. Ал көршілес Орда ауылында (халқы – 227 адам) орыс тілі, математика және ағылшын тілі пәндерінің мамандарына сұраныс бар.
Ауыл толық интернет желісімен қамтылған. Орталықтандырылған су жүйесін жүргізу жұмыстары биылғы күзге дейін толық аяқталады деп жоспарланған.
Ауыл әкімі қоныс аударушыларға ұсынылатын нақты қолдау шараларына да тоқталды:
«Көшіп келетін әр отбасыға “Бельсу” кен орны тарапынан қаржылай көмек көрсетіледі. Сонымен қатар, жергілікті шаруа қожалықтарының қолдауымен 2 бас бұзаулы сиыр беріледі. Тұрғын үй мәселесін шешуде ауыл әкімдігі толық қолдау көрсетеді», – деді ол.
Архат ауылы – еңбек етемін деген жанға нақты мүмкіндік бар, инфрақұрылымы дамып келе жатқан, болашағы бар ауыл.



