Басты жаңалық

Дастан Мұхамедрахымға облыс басшысы алғыс білдірді

Облыс әкімі Берік Уәли қазақстандық танымал саяхатшы, видеоблогер Дастан Мұхамедрахыммен кездесті. Кездесу барысында өңірдің туристік әлеуетін ілгерілету және заманауи медиа құралдар арқылы насихаттау мәселелері талқыланды.

Дастан Мұхамедрахым – Абай облысының Ақсуат ауданына қарасты Қызылкесік ауылының тумасы. Ол гиперлапс форматында түсіретін ерекше бейнероликтері арқылы кеңінен танылған. Блогер өз жұмыстарында Қазақстанның табиғи көріністерін заманауи тәсілмен ұсынып, көрерменге жаңа форматтағы контент ұсынады.

Оның еңбектері еліміздің туристік әлеуетін халықаралық деңгейде танытуға ықпал етіп келеді. Сонымен қатар ол Marvel студиясының жаңа «Өрмекші адам» фильмі трейлерінің тизерін алғаш жариялағандардың бірі ретінде де көпшілікке белгілі.

Жақында Францияның Канна қаласында өткен WIBA Awards 2026 халықаралық марапаттау рәсімінде Дастан Мұхамедрахым «Әлемнің үздік travel-блогері» атағын иеленді. Бұл – оның шығармашылығының халықаралық деңгейде мойындалғанын көрсетеді.

Бүгінде блогердің Instagram желісіндегі жазылушыларының саны 1,5 миллионнан асады. Ол өз контентінде Қазақстанның асқар таулары мен кең даласын, ерекше табиғатын көркем жеткізіп, әлем аудиториясының қызығушылығын арттырып келеді.

Кездесу барысында аймақ басшысы блогердің еңбегін жоғары бағалап, өңірдің туристік имиджін қалыптастыруға қосқан үлесі үшін алғыс білдірді. Сондай-ақ алдағы жобаларына сәттілік тіледі.

Облыс әкімдігі мұндай бастамалар өңірдің танымалдылығын арттыруға және туризмді дамытуға оң әсер ететінін атап өтті.

Басқа жаңалықтар

Back to top button