Басты жаңалық

Түркістан тәжірибесі – Семей дамуына серпін

Абай облысының делегациясы өңір әкімі Берік Уәлидің тапсырмасымен Түркістан қаласына іссапармен барды. Делегация құрамында Абай облысының құрылыс басқармасының басшысы Серік Тлемессов болды.

Іссапардың негізгі мақсаты – заманауи инфрақұрылым нысандарын салудағы озық тәжірибені зерделеу және оны өңірде жүзеге асырылатын жобаларға бейімдеу. Осы ретте делегация «Абайға құрмет» акциясы аясында әкімшілік-іскерлік орталық аумағында орналасқан бірқатар маңызды нысандармен танысты.

Аралау жұмыстары Түркістан облысының құрылыс басқармасы мен мердігер ұйым өкілдерінің қатысуымен өтті. Кездесу барысында жобаларды іске асыру тетіктері, құрылыс сапасын қамтамасыз ету және тиімді инженерлік шешімдер кеңінен талқыланды.

Делегация 7000 орындық стадион, мұз сарайы, Достық үйі және Конгресс холл нысандарын аралап, олардың сәулеттік, техникалық және функционалдық ерекшеліктерін жан-жақты зерделеді.

Жинақталған тәжірибе Семей қаласында салынатын әкімшілік-іскерлік орталық жобасын іске асыру барысында қолданылатын болады. Бұл өз кезегінде қаланың сәулеттік келбетін жаңғыртып, тұрғындар үшін қолайлы әрі заманауи инфрақұрылым қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Абай облысының құрылыс басқармасының басшысы Серік Тлемессовтің айтуынша, Түркістан қаласында қысқа мерзімде жүзеге асқан жобалар жүйелі жоспарлау мен тиімді ұйымдастырудың нақты нәтижесін көрсетеді.

– «Біз үшін бұл тәжірибенің маңызы зор. Құрылыс сапасын арттыру, мерзімдерді сақтау және заманауи шешімдерді енгізу бағытында жинақталған тәжірибені Семей қаласында толық қолданамыз», – деді басқарма басшысы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button