«Алтын виза» кімдерге бұйырады?

Қазақстанда «алтын виза» бағдарламасын енгізу мәселесі күн тәртібіне шықты. Енді елге жай ғана жұмыс күші емес, тәжірибесі мен капиталы бар мамандар мен инвесторлар келуі мүмкін. Билік осы арқылы еңбек нарығындағы тапшылықты азайтып, экономикаға жаңа серпін беруді көздейді.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, «алтын виза» еңбек нарығында сұранысқа ие, тапшы мамандарға беріледі. Сонымен қатар өндіріс пен инфрақұрылым саласына инвестиция құятын шетелдік инвесторларға Қазақстанда тұрақты тұрып, бизнес жүргізуге мүмкіндік жасалмақ.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Көші-қон комитетінің басқарма басшысы Жандарбек Ақылбекұлының айтуынша, басты мақсат – тек шетелдік мамандарды әкелу емес, олардың тәжірибесін ел ішінде пайдалану.
– Шетелден келген мамандар тек жұмыс істеп кетпеуі керек. Олар өздерінің кәсіби тәжірибесі мен дағдыларын жергілікті кадрларға үйретіп, бөлісуі маңызды, – деді ол.
Ресми дерекке сүйенсек, былтыр Қазақстанда квота арқылы 14 мыңнан астам шетелдік еңбек еткен. Оның 4 мыңға жуығы басшылық қызметтерде жұмыс істесе, 2,5 мыңға жуығы құрылымдық бөлімдерде еңбек еткен. Ал 4 мыңнан астамы түрлі салада маман ретінде қызмет атқарған. Қалған бөлігі маусымдық жұмыстарға тартылған.
Сарапшылардың пікірінше, «алтын виза» бағдарламасы елге инвестиция тартуға, жаңа технологиялар мен халықаралық тәжірибені енгізуге мүмкіндік береді. Мұндай жүйе әлемнің бірнеше елінде бұрыннан қолданылып келеді. Әсіресе экономикасы дамыған мемлекеттер білікті кадрлар мен инвесторларды арнайы бағдарламалар арқылы тартуға мүдделі.
Дегенмен қоғамда бұл бастамаға қатысты түрлі пікір бар. Бірі мұны экономиканы дамытуға қажет қадам десе, енді бірі ішкі еңбек нарығындағы бәсекені күшейтуі мүмкін екенін айтады.
Айта кетейік, «алтын виза» бағдарламасына қатысты толық сараптама «Апта» бағдарламасында көрсетілді.



