Баспана тағы қымбаттай ма?

Қазақстанда қосылған құн салығына қатысты өзгерістерден кейін тұрғын үй бағасының өсуі қайта талқыға түсті. Мамандардың айтуынша, жаңа өзгерістер құрылыс нарығына ғана емес, жалпы экономикаға әсер етуі мүмкін.
Қазір қоғамда «ҚҚС өссе, баспана бірден қымбаттайды» деген пікір жиі айтылады. Алайда сарапшылар жағдайдың бұлай қарапайым емес екенін түсіндіреді. Бұған дейін құрылыс компаниялары қосылған құн салығынан босатылған болса, енді бұл жеңілдік алынып тасталған.
Соған қарамастан, құрылыс салушылар шығындарды алдын ала есептеп қойған. Себебі бір тұрғын үй кешенінің құрылысы бірнеше жылға созылады. Яғни нарықтағы өзгерістердің бір бөлігі бағаға ертерек енгізілген.
Мамандардың сөзінше, тұрғын үй нарығының басым бөлігін қайталама нарық құрайды. Бұл — пәтерін өз атынан сататын қарапайым азаматтар. Ал жеке тұлғалар ҚҚС төлемейді.
Сарапшылар қосылған құн салығы тек құрылыс саласына әсер етпейтінін айтады. Себебі ҚҚС барлық тауар мен қызметтің бағасына кіреді. Яғни логистика, құрылыс материалдары, тасымал мен өндіріс шығындарының өзгеруі түптеп келгенде нарыққа әсер етеді.
Құрылыс саласы экономикадағы негізгі бағыттардың бірі саналады. Сондықтан бұл сектордағы кез келген өзгеріс тұрғын үй бағасына ғана емес, жалпы нарыққа ықпал етуі мүмкін.


