Мәдениет

Күймен өрілген кеш өтті

Алматы қаласындағы Республика сарайында қазақтың көрнекті күйші-композиторы, Қазақстанның халық әртісі, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Секен Тұрысбектің 65 жасқа арналған мерейтойлық шығармашылық кеші өтті. Ауқымды мәдени шара Абай облысы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылды.

Ұлттық өнер мен күй құдіретін ұлықтаған кешке өнерсүйер қауым көп жиналды. Концерт барысында көрерменге композитордың халық жүрегінен орын алған күйлері мен музыкалық шығармалары ұсынылды.

Кеште Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың мерейтой иесіне жолдаған арнайы құттықтау хатын Абай облысы мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Жанжігіт Омархан оқып берді.

Секен Тұрысбек сахнада өзі жетекшілік ететін Әміре Қашаубаев атындағы Абай облыстық филармониясының өнерпаздарымен және «Ақ жауын» мемлекеттік камералық оркестрімен бірге өнер көрсетті. Кеш бағдарламасында ұлттық музыка мен классикалық өнер үйлесім тауып, көрерменге ерекше әсер сыйлады.

Шығармашылық кешке арнайы қонақ ретінде Мейрамбек Беспаев пен Ғазизхан Шекербеков қатысты. Сонымен қатар мәдениет саласының белгілі өкілдері мен халықаралық, республикалық байқаулардың лауреаттары өнер көрсетіп, күйші-композитордың шығармаларын орындады.

Кеш соңында Секен Тұрысбектің көпшілікке кеңінен танылған «Көңіл толқыны» күйі орындалып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button