Абай елі бүгін Қайым Мұхамедхановты ұлықтады

Қазақтың көрнекті ғалымы, абайтанушы, педагог Қайым Мұхамедхановтың туғанына 110жыл. Ол Абайдың ақындық мектебін ғылыми тұрғыда негіздеп, абайтану ғылымының дербес сала ретінде қалыптасуына зор үлес қосты. Қайым Мұхамедханов Абай шығармаларының текстологиясын жүйелеп, ақын мұрасын бұрмалаудан қорғауда табанды еңбек етті. Сонымен қатар ол Қазақ КСР-нің алғашқы Мемлекеттік Әнұраны мәтінінің авторы ретінде тарихта қалды.
1940 жылы Семей қаласында Абайдың әдеби-мемориалдық мұражайын ұйымдастырып, оның алғашқы директоры болды. Ғалымның өмірі мен қызметі ұлттық руханиятты сақтау мен дамытуға арналды.
Ғалымның туғанына 110 жыл толуына орай Семей қаласында бірқатар мәдени-рухани шара өтті. Жұртшылық Қайым Мұхамедхановтың ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, рухына тағзым етті.
Шара барысында Абай облысы мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Жанжігіт Омархан мерейтой өңірде кең көлемде атап өтілетінін айтты. Оның айтуынша, облыс әкімі Берік Уәлидің ұсынысымен жыл бойы ғалымның өмірі мен шығармашылығын насихаттауға бағытталған рухани-танымдық іс-шаралар ұйымдастырылады. Мерейтой аясында республикалық ғылыми конференция өткізу жоспарланған.
Сонымен қатар «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық музей-қорығында «Абайтанудың асқан білгірі» атты мәдени шара өтіп, ғалымның өмірі мен ғылыми мұрасына арналған «Алдымда ақын Абай – темірқазық» атты көрме ашылды.



