Сауда саласындағы өзгерістер қалаға не береді?

Семей қаласында сауда нысандарын жаңғырту және олардың инфрақұрылымын жақсарту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Бұл мәселе облыс әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен өткен кеңейтілген аппараттық кеңесте қаралды. Жиында кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Айбек Рахымбеков атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.
Президент Әкімшілігінің тапсырмасына сәйкес өңірде сауда базарларын жаңғырту жөніндегі Жол картасы кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатыр. Бүгінде «СМОКК» базары бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, кәріз және су құбыры желілерін салу жұмыстары толық аяқталған. Сондай-ақ қажетті техникалық шарттар алынған. Қазіргі уақытта базар аумағында контейнерлер мен шатыр құрылымдарын демонтаждау жүргізілуде.

Кәсіпкерлердің жұмысын тоқтатпау мақсатында жалға алушылардың бір бөлігі «Северный» сауда-логистикалық орталығына және Қашағанов көшесінің арғы бетіндегі уақытша сауда орындарына көшірілді. Дайындық жұмыстары аяқталған соң құрылыс-монтаж жұмыстары басталады.
«Мереке» базарында да құрылыс алаңын дайындау және сауда контейнерлерін бөлшектеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Құрылысты биылғы жылдың маусым–шілде айларында бастау жоспарланған. Бұл ретте кәсіпкерлердің қалыпты жұмыс істеуі үшін негізгі сауда қатары өз қызметін жалғастыруда.

Ал «Ақшың» базарында ғимараттың қасбетін жаңарту және сырлау жұмыстары қолға алынған. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес сауда орындарының сыртқы келбетін санитарлық және сәулеттік талаптарға сәйкестендіру жұмыстары жалғасуда.
Сонымен қатар «Жансая» базары бойынша эскиздік жоба дайындалған. Жоба аясында көше бойындағы сауда қатарларын ретке келтіру және ғимарат қасбетін жаңарту жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылмақ. Бұдан бөлек, сауда контейнерлерін демонтаждау жұмыстары да жүргізілуде.

«Нива» сауда үйі бойынша түскен ескертулер негізінде жаңғырту жұмыстары басталып, қазіргі таңда шатыр жөнделуде. Сонымен бірге ғимараттың сыртқы келбетін жаңарту мақсатында эскиздік жоба әзірленген. Сондай-ақ «Турист» қонақ үйінің жобасы дайындалып, «Rakhat Palace» қонақ үйі мен «Жақсылық» бизнес орталығында қайта жаңғырту жұмыстары қолға алынды.
Жиын барысында облыс әкімі жауапты басқармалар мен қала әкімдігіне сауда нысандары бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарды тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды. Сондай-ақ базар аумақтарында жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету, Жол картасының уақытылы орындалуын қадағалау және заңсыз құрылыстарды анықтау жұмыстарын күшейту міндеті жүктелді.
Берік Уәлидің айтуынша, өңірдегі сауда нысандарын жаңғырту және олардың сыртқы келбетін жақсарту жұмыстары алдағы уақытта да жалғасады. Сонымен қатар аудан орталықтарындағы сауда нысандарының жағдайына да ерекше назар аударылады.



