Абай облысында кадрлық әлеует күшейтіледі

Бүгін аймақ басшысы Берік Уәлидің төрағалығымен облыстық кадр комиссиясының отырысы өтті. Жиында өңірдің жергілікті атқарушы органдарындағы бос лауазымдарды толықтыру, Өңірлік кадр резерві мүшелерін жұмысқа орналастыру, мемлекеттік қызметшілерді оқыту және тағылымдамадан өткізу, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдарға бағынысты ұйымдарды 2026 жылы «Бірыңғай кадр жүйесіне» қосу мәселелері қаралды.
Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Абай облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Қайрат Сапарғалиев пен облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары Нұржан Есенжолов баяндама жасады.

Қазіргі уақытта кадр мәселесі мемлекеттік басқару жүйесіндегі негізгі бағыттардың біріне айналып отыр. Өңірлердегі бос лауазымдардың ұзақ уақыт бойы толықтырылмауы мемлекеттік бағдарламалардың орындалу сапасына, халыққа көрсетілетін қызметтердің тиімділігіне және жалпы жұмыс нәтижесіне тікелей әсер етеді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес бүгінде кәсіби, бәсекеге қабілетті әрі меритократия қағидаттарына негізделген мемлекеттік қызмет жүйесін қалыптастыруға басымдық берілуде. Осыған байланысты Өңірлік кадр резервіне енгізілген жас әрі білікті мамандарды мемлекеттік қызметке тарту маңызды міндеттердің бірі ретінде қарастырылуда.

Сонымен қатар қазіргі таңда мемлекеттік қызмет саласында «Бірыңғай кадрлық жүйе» кезең-кезеңімен енгізіліп жатыр. Бұл бастама кадрлық үдерістердің ашықтығын арттыруға және басқару тиімділігін күшейтуге бағытталған.

Отырысты қорытындылаған облыс әкімі басқарма басшылары мен қала, аудан әкімдеріне кадр резервіндегі мамандарды тиімді орналастыру, бос жұмыс орындарын қысқа мерзімде толықтыру, ауылдық жерлерге жас мамандарды тарту және «Бірыңғай кадр жүйесін» енгізу жұмыстарын жандандыру бойынша нақты тапсырмалар берді.



