Заң

Көзден таса болған бүлдіршін қайдан табылды?

Докучаев көшесіндегі дүкен маңында көзден таса болған 4 жастағы баланың жоғалуы жақындарын әбігерге салды. Өз бетінше жүргізілген іздеу нәтижесіз болған соң, отбасы полиция көмегіне жүгінген. Тәртіп сақшылары жедел әрекет етіп, бүлдіршінді небәрі 15 минут ішінде тауып, жақындарына аман-есен тапсырды.

Оқиға туралы хабарлама «102» арнасына жас келіншектен түскен. Оның айтуынша, ұлы Докучаев көшесінде орналасқан «Чайка» дүкенінен шығып кетіп, белгісіз бағытқа қарай кеткен. Жақындарының өз күшімен жүргізген іздеу жұмыстары нәтиже бермеген.

Хабарлама түскен бойда ювеналдық полиция қызметкерлері іздеу жұмыстарына дереу кіріскен. Полицейлер жақын маңдағы аулаларды, көшелерді, дүкендер мен балалар алаңдарын аралап, тұрғындардан сұрастырған. Сонымен қатар баланың жүруі мүмкін бағыттарының барлығы мұқият тексерілген.

Жедел жүргізілген іздеу жұмыстарының нәтижесінде бүлдіршін небәрі 15 минут ішінде жақын маңдағы дүкендердің бірінен табылған. Баланың анық сөйлеуі қиын болғанымен, өз атын айта алған. Ол жыламағанымен, қатты абдырап тұрғаны байқалған.

Тәртіп сақшылары бүлдіршінді тыныштандырып, оны бірден туыстарына тапсырған. Сол сәтте немересін көрген әжесі көз жасына ерік беріп, полиция қызметкерлеріне жедел әрекеті мен жанашырлығы үшін алғыс білдірген.

Абай облысы полиция департаменті ата-аналарға баланың аз уақытқа көзден таса болуының өзі қауіпті жағдайларға алып келуі мүмкін екенін ескертеді. Мұндай жағдайда уақыт жоғалтпай, бірден полицияға хабарласу қажет.

Басқа жаңалықтар

Back to top button