Семейдегі заманауи балабақша

Мектепке дейінгі тәрбие – ұлт болашағының іргетасы. Осы бағыттағы жұмыстардың сапасы мен балаларға жасалған жағдайды бағамдау мақсатында Абай облысының әкімі Берік Уәли Семей қаласындағы «Zhuldyz-Ardak» балабақшасында болды.
2007 жылы ашылған мектепке дейінгі білім беру мекемесі 475 балаға арналған. Жеке меншік балабақшада балалардың сапалы білім алып, жан-жақты дамуына қажетті барлық жағдай қарастырылған. Мұнда логопед және психолог кабинеттері, спорт және музыка залдары, бассейн, робот техникасы кабинеті мен тұзды бөлме жұмыс істейді. 2009 жылы ғимарат кеңейтіліп, бүлдіршіндерге арналған жабық ойын алаңы пайдалануға берілген.

Қазіргі таңда балабақшада 17 топ жұмыс істейді. Оның төртеуі – мектепалды даярлық топтары. Бүгінде мұнда 430 бала тәрбиеленіп жатыр. Ал білім беру және тәрбие беру ісіне 37 педагог маман тартылған. Тәрбие үдерісі заманауи әдіс-тәсілдер негізінде ұйымдастырылып, балалардың шығармашылық және интеллектуалдық қабілеттерін дамытуға басымдық берілген.
Аймақ басшысы балабақшаның материалдық-техникалық базасын аралап көріп, ұжыммен пікір алмасты. Өңір әкімі мекемедегі тәрбие мен білім беру жұмысына жоғары баға берді.
– Бұл – балалардың жан-жақты дамуына барлық мүмкіндік жасалған заманауи балабақша. Мұнда тәрбие мен оқыту ісі жүйелі ұйымдастырылған. Осындай үлгілі мектепке дейінгі мекемелердің тәжірибесін кеңінен насихаттау қажет. Баланың сапалы білім мен саналы тәрбие алуы – ел ертеңіне салынған инвестиция, – деді Берік Уәли.

Облыс әкімі мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында қауіпсіздік, сапалы тәрбие және балалардың дамуына қолайлы орта қалыптастыру мәселесі әрдайым басты назарда болуы тиіс екенін атап өтті.



