Қабдеш мұрасы – халық қазынасы

Үржар ауданында қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, Қазақстанның Халық жазушысы Қабдеш Жұмаділовтің 90 жылдық мерейтойы кең көлемде аталып өтті. Облыс әкімі Берік Уәлидің бастамасымен ұйымдастырылған тағылымды шараға зиялы қауым өкілдері, қаламгерлер, жазушының туған-туыстары мен оқырмандары қатысты.
Мерейтой жазушы мәңгілік тыныс тапқан қасиетті мекенде басталды. Қаламгер рухына тағзым жасалып, Құран бағышталды. Жиналған жұртшылық зират басына ағаш отырғызып, ұлт әдебиетінің алып тұлғасына деген құрметін білдірді.

Қабдеш Жұмаділов – қазақтың тағдыры мен тарихын, ұлттың мұңы мен арманын көркем әдебиет арқылы ұрпақ санасына жеткізген бірегей қаламгер. Оның шығармалары ұлттық рухты көтеріп, тарихи сананы жаңғыртуға қызмет етті.
Мерейтой аясында өткен ғылыми-практикалық конференцияда жазушының шығармашылық мұрасы жан-жақты талқыланды. Баяндамашылар Қабдеш Жұмаділовтің қазақ әдебиетіндегі орнына тоқталып, оның еңбектері уақыт өткен сайын құнын арттыра түсетінін атап өтті.

Сондай-ақ келушілер назарына жазушының өмірі мен шығармашылығына арналған арнайы кітап көрмесі ұсынылды. Заманауи форматта ұйымдастырылған көрме қаламгер мұрасын жастар арасында кеңінен насихаттауға мүмкіндік берді.
Қабдеш Жұмаділовтің 90 жылдығына арналған мерейтой – бір адамның ғана емес, тұтас қазақ руханиятының мерекесі болды. Ұлт сөз өнеріне өлшеусіз үлес қосқан тұлғаның мұрасы әлі талай буынға рухани азық болары анық.



