Курчатовта экологиялық акция өтті

Абай облысының Курчатов қаласында «Ертіс таза жағадан басталады» атты экологиялық акция ұйымдастырылды. Игі бастамаға қоғамдық ұйымдар мен кәсіпорындардың өкілдері, жастар, еріктілер және белсенді тұрғындар қатысып, Ертіс өзенінің жағалауын тазалау жұмыстарына атсалысты.
Акция қаланың ең көрікті демалыс орындарының бірі саналатын жағалау аумағында және тарихи «Ақ балкон» нысанының маңында өтті. Қала тұрғындары мен қонақтары жиі келетін бұл орындар тазартылып, абаттандырылды.
Экологиялық шараға 130-дан астам адам қатысты. Қатысушылар жағалау мен қоғамдық кеңістіктерді қоқыстан тазартып, өңірдің маңызды табиғи аймақтарының бірін сақтауға өз үлестерін қосты. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай бастамалар қоршаған ортаның тазалығын қамтамасыз етіп қана қоймай, тұрғындардың экологиялық мәдениеті мен жауапкершілігін арттыруға ықпал етеді.
Курчатов қалалық Жастар ресурстық орталығының директоры Айжан Мусатаева экологиялық тәрбиенің маңыздылығына тоқталды.
– Экологиялық мәдениет әр адамның жеке жауапкершілігінен басталады. Ортақ іске жұмылған тұрғындар табиғатқа және өз қаласына деген саналы көзқарасты қалыптастырады, – деді ол.
Ал Курчатов қалалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғалымжан Жұмаділов табиғатты қорғау ісі ұрпақтар сабақтастығымен тығыз байланысты екенін атап өтті.
– Туған жерге деген сүйіспеншілік нақты істерден көрінеді. Біз жас ұрпаққа қоршаған ортаға ұқыпты қарау мәдениетін және туған өлкенің табиғи байлығын сақтауға деген жауапкершілікті жеткізуіміз қажет, – деді ардагерлер кеңесінің төрағасы.
Курчатов қалалық Қоғамдық кеңесінің мүшесі Любовь Киселева да тұрғындардың экологиялық бастамаларға белсенді қатысуының маңызын айтты.
– Ертіс жағалауы – қаламыздың бет-бейнесі. Оның тазалығы мен көркін сақтау – баршамызға ортақ міндет. Бүгінгі қамқорлығымыз келешек ұрпақтың жайлы әрі қолайлы ортада өмір сүруіне негіз болады, – деді ол.
Акцияға қатысушылар Ертіс жағалауы бірнеше буынның басын қосатын маңызды қоғамдық кеңістік екенін атап өтті. Сондықтан бұл аумақтың тазалығын сақтау мен абаттандыру жұмыстары алдағы уақытта да жалғасады.
Айта кетейік, Курчатовтағы экологиялық акция Абай облысында өткізілген ауқымды санитарлық тазалық науқаны аясында ұйымдастырылды. Биыл 4 сәуір мен 30 мамыр аралығында өңірдің барлық елді мекендерінде абаттандыру және тазалық жұмыстары жүргізілді. Осы кезеңде сенбіліктерге 233 мыңнан астам тұрғын қатысып, 3 987 ұйым мен 1 784 техника жұмылдырылды. Нәтижесінде 21 272 аула тазартылып, 523 саябақ пен сквер ретке келтірілді, сондай-ақ 25 559 тонна қатты тұрмыстық қалдық шығарылды.



