Өңір экономикасының өсіміне не әсер етті?

Абай облысында экономиканың негізгі салаларында тұрақты өсім байқалуда. Инвестиция көлемінің артуы, өндіріс орындарының көбеюі, инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асуы және кәсіпкерлікті қолдау шаралары өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң ықпал етуде. Бұл мәселелер облыс әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен өткен арнайы жиында кеңінен талқыланды.
Жиында аймақ басшысы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауында болып, өңірдің өткен жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары мен биылғы төрт айдағы көрсеткіштері туралы баяндағанын атап өтті. Президент облыста атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын берген.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша өңірлік жалпы өнім көлемі 3,9 триллион теңгеге жетті. Ал биылғы қаңтар-сәуір айларында қысқа мерзімді экономикалық индикатор 103,8 пайызды құрады. Осы кезеңде инвестиция көлемі 19,4 пайызға өсіп, өнеркәсіп, өңдеу секторы, ауыл шаруашылығы, құрылыс және көлік салаларында оң нәтиже тіркелді.

Экономикалық өсімнің негізгі драйверлерінің бірі – инвестиция тарту жұмыстары. Соңғы уақытта инвестициялық пулға енгізілген жобалар саны 29-дан 112-ге дейін көбейіп, олардың жалпы құны 4,4 триллион теңгеге жетті. Өңірде жүзеге асырылып жатқан ірі жобалар жаңа жұмыс орындарын ашып, экономиканың дамуына серпін беруде.
Солардың қатарында құны 577,5 миллиард теңгені құрайтын «Аягөз – Бақты» теміржол желісінің құрылысы бар. Сонымен қатар Семей қаласында жаңа жылу электр орталығы мен тау-кен байыту комбинатын салу жобалары жүзеге асырылуда. Бұл бастамалар өндірістік әлеуетті арттырып қана қоймай, өңірдің инвестициялық тартымдылығын күшейте түседі.
Семей қаласында арнайы экономикалық аймақ құру жұмыстары да жалғасуда. Жоспарланған аумақта жалпы құны 400 миллиард теңге болатын өндірістік жобаларды іске асырып, 2500 жаңа жұмыс орнын ашу көзделген. Қазіргі уақытта бірнеше ірі инвестордан ұсыныстар түскен.
Туризм саласын дамыту да өңір экономикасына оң әсер етуде. Биыл Алакөл жағалауының инфрақұрылымын жаңғыртуға 15,4 миллиард теңге бөлінді. Электр желілерін жүргізу, Үржар әуежайының терминалын жаңарту секілді жобалар туристік әлеуетті арттыруға бағытталған.

Сонымен қатар облыста сумен жабдықтау, кәріз және жылу желілерін жаңарту, тұрғын үй құрылысы мен жол инфрақұрылымын дамыту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Мұндай жобалар халықтың тұрмыс сапасын жақсартып қана қоймай, өңір экономикасының тұрақты дамуына негіз қалыптастырады.
Кеңес қорытындысында облыс әкімі Мемлекет басшысы жүктеген міндеттердің сапалы әрі уақытылы орындалуы қатаң бақылауда болатынын атап өтті.



