Журналист мәртебесі қалай өзгерді?

28 маусым – Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің күні. Бұл – қоғамға шынайы ақпарат ұсынып, ел мен халық арасындағы алтын көпірге айналған журналистердің кәсіби мерекесі. Соңғы жылдары Қазақстанда медиа саласын дамытуға бағытталған маңызды реформалар жүзеге асып, журналистердің құқықтық мәртебесі жаңа деңгейге көтерілді. Сонымен бірге ақпарат кеңістігіндегі жауапкершілік те бұрынғыдан күшейе түсті.
Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің күні 2019 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен бекітілді. Президент өз сөздерінде журналистиканың қоғамдағы орнына ерекше тоқталып, бұқаралық ақпарат құралдарын халықтың үні, ал журналистерді мемлекет пен қоғам арасындағы сенімді байланысты қамтамасыз ететін маңызды күш ретінде атап келеді.
Қазіргі таңда ақпарат тарату жылдамдығы бұрын-соңды болмаған деңгейге жетті. Әлеуметтік желілер мен цифрлық платформалардың ықпалы артып, ақпараттық кеңістіктің негізгі бөлігіне айналды. Осындай кезеңде кәсіби журналистиканың маңызы бұрынғыдан да арта түсті. Себебі қоғамға жылдам ақпарат қана емес, нақты әрі тексерілген дерек қажет.
Соңғы жылдары елімізде медиа саласын құқықтық тұрғыдан жаңғырту бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілді. 2023 жылы «Онлайн платформалар және онлайн жарнама туралы» заң күшіне еніп, интернет кеңістігін құқықтық реттеудің негізі қаланды.
Ал 2024 жылы қабылданған «Масс-медиа туралы» заң Қазақстанның ақпарат саласындағы басты құжаттардың біріне айналды. Заң алғаш рет «масс-медиа» ұғымын кеңейтіп, дәстүрлі бұқаралық ақпарат құралдарымен қатар интернет-басылымдар мен цифрлық платформаларды да осы санатқа енгізді. Бұл қазіргі медианың даму үрдісіне сәйкес қабылданған маңызды қадам болды.
Жаңа заңның ең маңызды жаңалықтарының бірі – журналистің ерекше құқықтық мәртебесінің заң жүзінде бекітілуі. Енді журналист кәсіби қызметін атқару барысында мемлекеттік органдарға ресми ақпараттық сауал жолдауға, мемлекеттік мекемелерге кіруге, лауазымды тұлғалардың қабылдауына қатысуға, қоғамдық маңызы бар іс-шараларда фото және бейнетүсірілім жүргізуге заңды негізде құқылы.
Сонымен қатар мемлекеттік органдардың журналистік сауалдарға жауап беру мерзімі жеті жұмыс күнінен бес жұмыс күніне дейін қысқартылды. Бұл қоғамды жедел әрі сапалы ақпаратпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Алайда құқықтың кеңеюі жауапкершіліктің де артуын білдіреді. Қолданыстағы заң журналистерден ақпараттың шынайылығын мұқият тексеруді, бірнеше дереккөзге сүйенуді, азаматтардың жеке өміріне қол сұқпауды, кәсіби әдеп қағидаларын сақтауды және жалған ақпараттың таралуына жол бермеуді талап етеді. Сондай-ақ ақпарат көздерінің құпиясы мен авторлық құқық заңмен қорғалады.
Бүгінде Қазақстанда бұқаралық ақпарат құралдарының саны тұрақты өсіп келеді. 2026 жылғы мәліметке сәйкес, елімізде 5303 БАҚ ресми тіркелген. Оның ішінде 3181 мерзімді басылым, 253 телеарна, 97 радиостанция және 1457 ақпараттық агенттік пен желілік басылым жұмыс істейді. Бұл көрсеткіштер цифрлық медианың қарқынды дамып, ақпараттық нарықтың кеңейіп келе жатқанын аңғартады.
Мемлекет журналистерді әлеуметтік қолдау мәселесіне де ерекше көңіл бөліп келеді. Президент тапсырмасымен үшінші жыл қатарынан БАҚ қызметкерлеріне тұрғын үй беру бағдарламасы жүзеге асырылуда. Соның нәтижесінде 2023 жылы – 65, 2024 жылы – 68, ал 2025 жылы 66 медиа саласының қызметкері баспанамен қамтамасыз етілді. Бағдарлама тек журналистерді ғана емес, операторлар, режиссерлер және инженерлік-техникалық мамандарды да қамтиды.
Сонымен қатар кәсіби мереке қарсаңында үздік мамандар Президенттің алғыс хаттарымен, мемлекеттік наградалармен және арнайы гранттармен марапатталады. «Үркер» ұлттық сыйлығы, «Тұмар» телевизиялық сыйлығы, Astana Media Week пен Орталық Азия медиафорумы сияқты кәсіби алаңдар журналистердің біліктілігін арттыруға және тәжірибе алмасуға мүмкіндік беріп келеді.
Ақпараттық технологиялар қарқынды дамыған дәуірде кәсіби журналистиканың қоғам үшін маңызы арта түсті. Фейк ақпарат, манипуляция және ақпараттық шабуылдар көбейген кезеңде журналистің басты міндеті – жаңалықты бірінші болып тарату емес, ең алдымен оның шынайылығына жауап беру.
Журналистика – сөз еркіндігін ғана емес, жоғары жауапкершілікті талап ететін мамандық. Ал кәсіби әрі сапалы медиа – қоғамдағы сенімнің, ашықтықтың және тұрақтылықтың басты тіректерінің бірі.



