Болашақ медицинасының жаңа қадамы

Абай облысында радиологиялық медицина мен ғылымды дамытуға бағытталған жаңа өңірлік кластер құру мәселесі талқыланды. Осыған арналған дөңгелек үстел Семей медицина университетінде өтті.
Іс-шара Курчатов қаласына ғылыми қалашық мәртебесін беру жөніндегі жұмыстар аясында және облыс әкімі Берік Уәлидің өңірлік ғылымды дамытудың кешенді жоспарын әзірлеу туралы тапсырмасына сәйкес ұйымдастырылды. Басқосуда «Радиологиялық медицина және ғылымның өңірлік кластерін құру тұжырымдамасы» кеңінен талқыланды.

Жиынға облыс әкімдігі, денсаулық сақтау басқармасы, Семей медицина университеті, Shakarim University, Alikhan Bokeikhan University, Радиациялық медицина және экология ғылыми-зерттеу институты, Ұлттық ядролық орталығы, Ядролық технологиялар паркі және Ядролық медицина және онкология орталығының өкілдері қатысты.
Өңірлік кластер ғылым, денсаулық сақтау және жоғары білім беру салаларының мүмкіндіктерін біріктіруге бағытталған. Жобаны іске асыру қолданбалы ғылыми зерттеулердің аясын кеңейтіп, олардың нәтижелерін клиникалық тәжірибеге енгізуге, жоғары технологиялық медицинаны дамытуға және халыққа көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Дөңгелек үстел барысында қатысушылар кластер жұмысының негізгі бағыттарын айқындады. Олардың қатарында радиациялық, ядролық және цифрлық медицина, онкология, медициналық генетика мен радиоэкология салаларындағы заманауи технологияларды дамыту басымдық ретінде белгіленді.

Кездесу қорытындысы бойынша тұжырымдама негізінде барлық мүдделі тараптардың қатысуымен радиологиялық медицина және ғылымның өңірлік кластерін құру туралы меморандумға қол қою жоспарланып отыр.
Бұл бастама Абай облысының ғылыми әлеуетін нығайтып қана қоймай, өңірдің медициналық инновациялар мен жоғары технологиялық денсаулық сақтау саласындағы маңызды орталықтарының біріне айналуына серпін береді.



