Басты жаңалық

Тозған мектептегі таланттар

Қалбатауда дарынды балалар саны артып келеді, алайда олар білім алып жүрген өнер мектебінің ғимараты бүгінгі талапқа сай емес.

Қалбатаудағы өнер мектебінің оқушылары аудандық, облыстық, республикалық, тіпті халықаралық байқаулардан жүлдемен оралып жүр. Бірақ сол жетістіктің артында көзге көріне бермейтін мәселе бар. Ғасырға жуық уақыт бұрын салынған ғимарат бүгінде балалардың талабына да, уақыттың талабына да толық жауап бере алмайды. Жарма ауданына жұмыс сапарымен барған облыс әкімі Берік Уәли өнер мектебінің жай-күйімен танысып, мәселенің шешу жолдарын талқылады.

Жарма ауданына жұмыс сапарымен барған Абай облысының әкімі Берік Уәли алдымен Қалбатау ауылындағы өнер мектебінің жұмысымен танысты. Қосымша білім беру ұйымында бүгінде 527 оқушы білім алады. Бұл көрсеткіш мектептің жобалық қуатынан үш еседен астам жоғары. Мұнда балалар фортепиано, вокал, хор, оркестр, домбыра, қобыз, скрипка, театр, хореография, бейнелеу өнері мен қолөнер бағыттары бойынша білімін жетілдіріп келеді.

Өнер мектебінің тәрбиеленушілері түрлі деңгейдегі байқауларда ауданның ғана емес, Абай облысының да абыройын асқақтатып жүр. Демек, мәселе білім сапасында емес, сол білім беріліп жатқан ортада болып отыр.

Мектептің негізгі ғимараты 1930 жылы қамыстан салынған. Жүргізілген техникалық сараптама оның әрі қарай пайдалануға жарамсыз екенін көрсеткен. Соған қарамастан мұнда жүздеген бала шығармашылықпен айналысып келеді. Бұл – қосымша білімге деген сұраныстың артқанын да, жаңа ғимараттың қажеттігін де аңғартады.

Аудан әкімдігі бұл мәселені шешу жолдары қарастырылып жатқанын, жобаға қолдау көрсетуге ниетті кәсіпкерлердің бар екенін жеткізді.

Берік Уәли өнер мектебінің бүгінгі жетістігі ең алдымен ұстаздардың еңбегі мен балалардың талантының нәтижесі екенін атап өтті. Сонымен қатар білім ордасының материалдық-техникалық базасын нығайту және шығармашылыққа қолайлы жағдай жасау бағытындағы жұмыстар жалғасатынын айтты.

Жұмыс сапары барысында облыс әкімі Жаңаөзен ауылындағы «Мейірім» спорттық-сауықтыру лагеріне де барды.

Баланың жан-жақты дамуы тек біліммен шектелмейді. Қауіпсіз әрі мазмұнды демалыс та оның тұлға болып қалыптасуының маңызды бөлігі. Осы міндетті атқарып отырған лагерьде биыл төрт ауысым ұйымдастырылып, 400 баланы қабылдау жоспарланған. Демалушылардың басым бөлігі – аз қамтылған, көпбалалы және толық емес отбасылардан шыққан балалар.

Өткен жылы лагерьде жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жатын корпусындағы санитарлық тораптар жаңартылды, бөлмелер ретке келтірілді. Бүгінде мұнда ән, би, қолөнер, дебат және спорт үйірмелері жұмыс істейді. Балалардың қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлініп, күн сайын танымдық және спорттық іс-шаралар ұйымдастырылады.

Сонымен бірге лагерьдің әлеуетін арттыру мәселесі де күн тәртібінен түскен жоқ. Кездесу барысында шағын футбол алаңы мен балалар ойын алаңын салу қажеттігі көтерілді. Облыс әкімі бұл бастамаларды инвесторлар мен демеушілердің қолдауымен жүзеге асыру мүмкіндігін қарастыруды тапсырды.

Берік Уәлидің Жарма ауданына жасаған сапары балаларға арналған әлеуметтік нысандардың жай-күйін бағалаумен ғана шектелген жоқ. Ол шығармашылықты дамытуға жағдай жасау, қауіпсіз демалысты қамтамасыз ету және ауылдағы балалардың мүмкіндігін кеңейту бағытындағы нақты мәселелерді де қамтыды.

Бүгінде ауыл баласының қабілеті қаладағы қатарластарынан кем емес. Ең бастысы – сол таланттың ашылуына мүмкіндік беретін орта қалыптастыру. Қалбатаудағы өнер мектебі мен «Мейірім» лагері төңірегінде көтерілген мәселелер осы міндеттің әлі де өзекті екенін көрсетеді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button