Абай облысында Қаржылық мониторинг агенттігі жас қызметкерлерінің өңірлік слеті өтіп жатыр

Бүгін Семей қаласында Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторинг агенттігі жас қызметкерлерінің өңірлік слеті өз жұмысын бастады. Жас мамандардың кәсіби әлеуетін арттыруға, тәжірибе алмасуға және өңіраралық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған маңызды іс-шараға Алматы қаласы, Абай, Жетісу, Алматы, Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстарынан келген жас қызметкерлер қатысуда.
Өңірлік слет жас мамандардың кәсіби біліктілігін жетілдіруге, олардың қызметтік тәжірибесін байытуға, мемлекеттік қызметтің құндылықтарын дәріптеуге және құқық қорғау жүйесіндегі заманауи тәсілдерді талқылауға арналған маңызды диалог алаңына айналды. Бағдарлама аясында қатысушылар тәжірибе бөлісіп қана қоймай, өзара кәсіби байланыстар орнатып, қызмет барысында кездесетін өзекті мәселелерді бірлесіп талқылайды.
Слеттің ашылу салтанатына облыс әкімі Берік Уәли, Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторинг агенттігі төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесов, құқық қорғау органдарының өкілдері, сала ардагерлері мен өңірлерден келген жас қызметкерлер қатысты.

Облыс әкімі өз сөзінде Мемлекет басшысы айқындаған «Заң мен Тәртіп» қағидатын жүзеге асыруда Қаржылық мониторинг агенттігінің ерекше рөл атқаратынын атап өтті. Оның айтуынша, еліміздің экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету, заңдылықты сақтау және азаматтардың құқықтарын қорғау жолындағы жұмыстардың тиімділігі ең алдымен осы сала мамандарының кәсібилігі мен жауапкершілігіне байланысты.
«Абай облысы үшін еліміздің түкпір-түкпірінен келген жас, білімді, бастамашыл қызметкерлерді қарсы алу – үлкен мәртебе. Сіздер – мемлекетіміздің экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ететін, заң үстемдігін нығайтатын жаңа буын мамансыздар. Алдарыңызда үлкен мүмкіндіктер мен зор жауапкершілік тұр. Бүгінгі басқосу сіздер үшін тәжірибе алмасатын, білімдеріңізді толықтыратын, жаңа достар тауып, кәсіби тұрғыдан шыңдалатын маңызды алаң болады деп сенемін. Мемлекет басшысы елімізде Заң мен Тәртіп қағидатын орнықтырудың маңызын үнемі атап келеді. Осы бағытта Қаржылық мониторинг агенттігінің атқарып отырған қызметі ерекше мәнге ие. Сіздердің кәсібиліктеріңіз, адалдықтарыңыз бен жауапкершіліктеріңіз азаматтардың құқықтарын қорғауға, экономикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және қоғамның мемлекеттік органдарға деген сенімін арттыруға зор үлес қосып келеді», – деді Берік Уәли.
Аймақ басшысы құқық қорғау органдарында қызмет ететін жас мамандардың білімі мен кәсіби даярлығының жоғары болуы мемлекет үшін аса маңызды екенін атап өтті. Оның айтуынша, бүгінгі таңда экономикалық құқық бұзушылықтардың алдын алу, қаржы саласындағы заңсыз әрекеттермен күресу және азаматтардың құқықтарын қорғау бағытындағы жұмыстар үздіксіз жетілдіріліп келеді. Мұндай өңірлік кездесулер жас қызметкерлердің тәжірибе алмасуына, кәсіби деңгейін арттыруына және мемлекеттік қызметтің үздік тәжірибелерін меңгеруіне мүмкіндік береді.
Іс-шара барысында облыс әкімдігі мен Абай облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті арасындағы тиімді өзара іс-қимылдың нақты нәтижелері де айтылды. Соның арқасында заңсыз қаражат тартқан құрылыс салушыларға қатысты жүргізілген тергеу барысында жүздеген үлескердің құқықтары қорғалып, келтірілген материалдық залал өтеліп, азаматтардың баспаналы болуына мүмкіндік жасалды. Бұл құқық қорғау органдары мен жергілікті атқарушы биліктің бірлескен жұмысының тиімділігін көрсететін маңызды мысалдардың бірі болды.
Өңірлік слет аясында қатысушылар үшін мазмұнды білім беру және тәжірибелік бағдарлама әзірленген. Жас мамандар қаржылық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, экономикалық құқық бұзушылықтардың алдын алу, қаржылық мониторинг жүйесіндегі заманауи тәсілдер, тәуекелдерді басқару және талдау құралдарын қолдану мәселелері бойынша тәжірибе алмасады.
Сонымен қатар кәсіби даму, көшбасшылық қасиеттерді қалыптастыру, қызметтік этика, психологиялық тұрақтылық, стресс жағдайында тиімді шешім қабылдау және ұжымішілік коммуникацияны дамыту тақырыптарында практикалық тренингтер ұйымдастырылады. Мұндай сабақтар жас қызметкерлердің кәсіби құзыреттерін нығайтып, олардың күнделікті қызметінде тиімді жұмыс істеуіне ықпал етеді.

Бағдарлама аясында құқық қорғау органдарының басшыларымен, тәжірибелі қызметкерлерімен және сала ардагерлерімен кездесулер өткізу жоспарланған. Ашық форматтағы пікір алмасу барысында қатысушылар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, қызмет барысында жинақталған тәжірибе мен кәсіби құндылықтар жөнінде пікір алмасады. Сондай-ақ қаржылық мониторинг жүйесін дамыту, заманауи сын-қатерлерге қарсы іс-қимыл жасау және мемлекеттік қызметтің тиімділігін арттыру мәселелері талқыланады.
Өңірлік слеттің басты мақсаты – жас қызметкерлердің кәсіби әлеуетін арттырумен қатар, олардың бойында заң үстемдігіне адалдықты, жоғары жауапкершілікті, мемлекеттік қызметтің ашықтық пен әділдік қағидаттарына негізделген құндылықтарын нығайту. Осындай кездесулер тәжірибе алмасуға ғана емес, өңірлер арасындағы ынтымақтастықты күшейтуге, құқық қорғау органдарының жас қызметкерлері арасында кәсіби байланыстарды қалыптастыруға және қоғамның экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы бірлескен жұмысты жетілдіруге мүмкіндік береді.



