Ардагерлерге қолдау күшейеді

Абай облысының әкімі Берік Уәли республикалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әбілғазы Құсайыновпен кездесті. Басқосуда өңірдегі ардагерлер ұйымдарының қызметі мен қоғамдық бастамаларды дамытуға қатысты өзекті мәселелер қаралды.
Кездесу барысында аға буынның қоғамдық өмірге белсенді қатысуын арттыру, жастарға патриоттық тәрбие беру, ұрпақтар сабақтастығын нығайту және қоғамдық ұйымдар арасындағы өзара ынтымақтастықты дамыту бағыттары талқыланды.
Облыс әкімі ардагерлердің ел бірлігін бекемдеуге, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге және өскелең ұрпақты тәрбиелеуге қосып жүрген үлесін жоғары бағалады. Сондай-ақ олардың өмірлік тәжірибесі мен парасат-пайымы қоғам үшін әрдайым маңызды екенін атап өтті.
Өз кезегінде Әбілғазы Құсайынов облыстағы ардагерлер ұйымдарының бүгінгі жұмысына тоқталып, алдағы жоспарларымен және ардагерлер қозғалысын одан әрі дамытуға бағытталған ұсыныстарымен бөлісті.
Кездесу қорытындысында тараптар ардагерлер ұйымдары мен жергілікті атқарушы органдар арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтып, бірлескен жұмысты жүйелі түрде жалғастыруға келісті.
Айта кетейік, Абай облысының ардагерлер ұйымы өңірдің қоғамдық-саяси өмірінде маңызды орын алады. Қазіргі уақытта ұйым құрамында 130 мыңнан астам зейнеткерді біріктіретін 395 бастауыш ардагерлер ұйымы, 2 қалалық және 10 аудандық ардагерлер кеңесі жұмыс істейді.



