Дін мен дәстүр

«Жеңіл ақша»: жұмыс және табыс уәдесі неге тұзаққа айналуы мүмкін?

«Жоғары жалақы», «Тәжірибе қажет емес», «Күніне бірнеше сағат қана жұмыс», «Үйден шықпай-ақ ақша табыңыз» деген хабарландырулар бүгінде әлеуметтік желіде жиі кездеседі. Кейбірі шынайы жұмыс болса, енді бірінің артында алаяқтар немесе жат діни ағымдар тұруы мүмкін.

Мұндай топтар адамды өз қатарына бірден діни уағызбен шақырмайды. Алдымен сеніміне кірудің жолын іздейді.

Кейде олар жоғары жалақысы бар жұмыс ұсынады. Кейде «табыс табудың жаңа жолын үйретеміз» деп түрлі курстарға немесе бизнес жобаларға шақырады. Кейбірі шетелде жұмысқа орналастыруды, тегін оқытуды немесе баспанамен қамтамасыз етуді уәде етеді.

Қаржылық қиындыққа тап болған адамдарға қайырымдылық көрсетіп, азық-түлік немесе ақша беріп, кейін өз ортасына тарта бастайтын жағдайлар да кездеседі. Мұндай «көмек» кейін белгілі бір талаптармен жалғасуы мүмкін.

Тағы бір тәсіл – әлеуметтік желі арқылы танысу. Алдымен қарапайым әңгімеден басталып, кейін «пайдалы ортаға қосыл», «біздің жиналысқа кел», «арнайы сабақтарымыз бар» деген ұсыныстар айтылады.

Кейбір топтар жастарға тегін тіл курсын, психологиялық тренингтерді, мотивациялық кездесулерді немесе діни сауат ашу сабақтарын ұсынып, сол арқылы өз ықпалын жүргізуге тырысады. Бастапқыда бәрі қауіпсіз көрінгенімен, уақыт өте келе олардың шынайы мақсаты байқалуы мүмкін.

Сондай-ақ әлеуметтік желіде қашықтан жұмыс ұсынып, адамдарды белгісіз чаттарға қосуға, түрлі ақпаратты таратуға немесе басқа адамдарды шақыруға тапсырма беретін жағдайлар да болады. Адам өзінің заңсыз немесе деструктивті әрекетке араласып жатқанын бірден аңғармауы мүмкін.

Мұндай ұйымдардың ортақ мақсаты – адамның сеніміне кіру. Ол үшін ақша, жұмыс, қамқорлық, достық, психологиялық қолдау немесе тегін қызметтерді құрал ретінде пайдалануы ықтимал.

Сондықтан қандай да бір ұсыныс түссе, асығыс шешім қабылдамаған жөн. Ұйымның кім екенін, ресми тіркелгенін, нақты немен айналысатынын тексеріңіз. Егер жұмыстың мәні түсініксіз болса, өте жоғары табыс уәде етілсе, жабық кездесулерге шақырса немесе айналаңыздағы адамдардан алыстауға үндесе, бұл сақ болуға себеп.

Жеңіл ақшаға қызығу кейде қаржылық шығынға ғана емес, адамның көзқарасының, өмір салтының және ортасының өзгеруіне де әкелуі мүмкін.

Басқа жаңалықтар

Back to top button