Басты жаңалық

Қарамола ережесі қалай жазылды?

Қазақ тарихында ел тағдырын шешкен талай жиын, талай дауды тоқтатқан дала заңдары болған. Ал сол дала дәстүрін заман талабына сай жүйелеп, қағазға түсіріп, құқықтық құжат деңгейіне көтерген тұлғалардың бірі – ұлы Абай Құнанбайұлы.

1885 жылдың мамыр айы. Шар өзенінің бойындағы Қарамола жәрмеңкесі. Семей өңіріне қарасты бес дуанның би-болыстары мен елдің беделді адамдары бас қосқан төтенше съезд өтіп жатты. Дәл осы жиын қазақтың құқықтық тарихында айрықша із қалдырған «Қарамола ережесінің» дүниеге келуіне себеп болды.

Съезде Абай Құнанбайұлы төбе би болып сайланып, оған Семей қазақтарына қатысты қылмыстық істерді реттейтін ереже әзірлеу міндеті жүктеледі. Абай бастаған топ қысқа мерзім ішінде қазақ қоғамының тұрмыс-тіршілігін, дәстүрлі құқық нормаларын және сол кезеңдегі саяси жағдайды ескере отырып, жаңа құжат әзірлейді. Құжат кейін 73 баптан тұратын«Қарамола ережесі» деген атаумен белгілі болды.

Бұл жай ғана заңдар жинағы емес еді. Ереже сол кезеңдегі қазақ қоғамының өзекті мәселелерін реттеуге бағытталды. Онда жер мен жесір дауы, мал-мүлік мәселесі, ұрлық, барымта, қылмыс, отбасы және басқа да қоғамдық қатынастарға қатысты нормалар қамтылды.

Қарамола ережесінің ерекшелігі – оның қазақтың ғасырлар бойы қалыптасқан әдет-ғұрпын ескеріп, сол заманның құқықтық талаптарымен ұштастыруында. Абай қазақ қоғамындағы билік пен сот жүйесінің әлсіз тұстарын жақсы білді. Ол ел ішіндегі даудың ұзаққа созылуы, парақорлық, әділетсіз билік айту секілді мәселелердің қоғамның тұтастығына кері әсер ететінін түсінді.

Сондықтан Қарамола ережесінде дауды шешу тәртібіне, билердің жауапкершілігіне, тараптардың құқықтарына ерекше мән берілді. Мәселен, құжаттың алғашқы баптарының бірінде дауласушы тараптардың өздеріне ұнаған билерін таңдауы қарастырылған.

Абайды көбіне ақын, ойшыл, ағартушы ретінде танимыз. Алайда оның ел басқару ісіндегі тәжірибесі мен билік айтудағы ұстанымы да аса маңызды. Ол болыс та болды, би де болды. Ел арасындағы дауларға араласып, түрлі мәселелер бойынша билік айтты. Сондықтан Қарамола ережесін жасауға оның өмірлік тәжірибесі мен қазақ қоғамының тыныс-тіршілігін терең білуі тікелей әсер етті.

Қарамола ережесі – қазақ даласындағы құқықтық ойдың даму тарихын көрсететін құнды құжат. Ол «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», «Жеті жарғы» секілді дәстүрлі құқықтық мұралардың жалғасы ретінде жаңа тарихи кезеңде дүниеге келді. Сонымен бірге Ресей империясының отарлық әкімшілік жүйесі жағдайында қазақ қоғамының ерекшеліктерін сақтап қалуға ұмтылыстың бір көрінісі болды.

Ереже 1886 жылы Қазан қаласында арнайы кітапша ретінде басылып шыққан. Осылайша қазақ қоғамында қабылданған құқықтық құжат жазба түрде таралып, оның нормаларын билер мен ел басқарған адамдардың пайдалануына мүмкіндік туды.

Қарамола даласында жазылған сол құжат Абайдың ақындық қырынан бөлек, оның ел тағдырына араласқан қайраткер, әділ би әрі құқықтық ойға өзіндік үлес қосқан тұлға болғанын айғақтайды.

Басқа жаңалықтар

Back to top button