Басты жаңалық

Баспана алу қиындады

Баспана алу – көпшілік үшін әлі де ең үлкен қаржылық мақсаттардың бірі. Алайда соңғы көрсеткіштер үй бағасы өсіп, ипотека рәсімдеуге ниеттілер саны азайғанын көрсетеді. Бір жыл ішінде ипотекаға өтініштер саны 13,4%-ға төмендеп, 419,2 мыңды құрады.

Сарапшылар мұның негізгі себебі ретінде тұрғын үй бағасының өсуін атап отыр. Бір жылда жаңа үйлердің бағасы 15,5%-ға, ал қайталама нарықтағы баспана 11,8%-ға қымбаттаған. Ал халықтың нақты ақшалай табысы небәрі 0,1%-ға өскен.

Бұл – баспана бағасы мен азаматтардың табысы арасындағы айырмашылықтың ұлғайғанын көрсетеді. Үй қымбаттаған сайын бастапқы жарнаға да көбірек ақша қажет. Ал ипотекалық төлемнің жоғары болуы отбасы бюджетіне қосымша салмақ түсіреді. Сондықтан кей азаматтар үй алуды кейінге қалдырып немесе арзанырақ нұсқаларды іздеуге мәжбүр.

Дегенмен ипотекаға деген сұраныс толық жоғалған жоқ. Керісінше, жаңа ипотекалық қарыздардың көлемі бір жылда 12,4%-ға өсіп, 1,1 трлн теңгеге жеткен. Яғни баспанаға қажеттілік бар, бірақ оны сатып алу құны артып отыр.

Ипотекаға сұраныстың тоқсандық көрсеткіштері де өзгерістің бар екенін көрсетеді. Бірінші тоқсанда сұраныс 20,8%-ға төмендесе, екінші тоқсанда 18,7%-ға қайта өскен.

Осыдан тұрғын үй нарығындағы негізгі мәселені байқауға болады. Қазақстандықтар баспана алғысы келеді, бірақ үй бағасы мен халық табысының арақатынасы бұл мүмкіндікті шектеп отыр.

Басқа жаңалықтар

Back to top button