Абай облысында жол-көлік оқиғалары 41%-ға азайды: алайда қаза тапқандар саны өскен

Абай облысында есепті кезеңде 465 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 41%-ға аз. Алайда жол апаттарынан қаза тапқандар саны 38,9%-ға өсіп, 75 адамға жетті. Тағы 718 адам түрлі дене жарақатын алған.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Абай облысы Полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары, полиция майоры Данияр Нұрпейісов мәлімдеді.
Спикердің айтуынша, жол-көлік оқиғаларының жалпы саны азайғанымен, адам өлімінің өсуі жол қозғалысы қауіпсіздігін күшейтуді және алдын алу шараларын жандандыруды талап етеді.
Әкімшілік құқық бұзушылықтар бойынша 319 мыңнан астам адам жауапкершілікке тартылған
Есепті кезеңде 319 627 құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 276 797 айыппұл салынып, оларды өндіріп алу деңгейі 86%-ды құрады. Сонымен қатар 2 458 әкімшілік қамаққа алу шарасы қолданылып, 640 жүргізуші көлік құралын басқару құқығынан айырылды. Арнайы тұрақтарға 2 121 көлік қойылды.
Құқық бұзушылықтарды анықтауда ERAP мобильді қосымшасы да қолданылады. Оның көмегімен 131 897 құқық бұзушылық тіркеліп, тиісті шаралар қабылданған. Бұдан бөлек, 39 601 ескерту берілген.
Жол инфрақұрылымының қауіпсіздігіне басымдық берілген
Есепті кезеңде автомобиль жолдары мен жол құрылыстарына 1 844 тексеру жүргізіліп, анықталған кемшіліктерді жою бойынша 1 952 нұсқама берілді. Жолдарды күтіп-ұстау талаптарының бұзылуына байланысты 182 әкімшілік хаттама толтырылды.
Сондай-ақ 1 698 жол белгісі орнатылып, ауыстырылды. 181 мың шаршы метрден астам жол жабыны жөнделді.
Облыс аумағында 1 039 жаяу жүргіншілер өткелі бар. Оның үшеуі жерүсті, сегізі жерасты өткелі. 189 өткел бағдаршаммен жабдықталған, ал қалған 839 өткел жол белгілерімен және таңбалармен белгіленген.
Жол ережесін бұзғандарды автоматты жүйелер анықтайды
Облыста жол қозғалысы қағидаларының сақталуын бақылау үшін «Сергек», ZEREK-2 және EKIN BOX SPOTTER кешендері, сондай-ақ патрульдік автокөліктерге орнатылған EKIN Patrol G2 және SERGEK PATROL BOX мобильді жүйелері жұмыс істейді.
Есепті кезеңде құқық бұзушылықтарды автоматты түрде тіркеу жүйелері арқылы 200 428 нұсқама шығарылған. Соның ішінде «Сергек» кешені 125 мыңнан астам нұсқама рәсімдесе, EKIN Patrol G2 мобильді жүйесі арқылы 36 мыңнан астам нұсқама берілген.
Ал EKIN Patrol G2 және SERGEK PATROL BOX жүйелері арқылы салынған айыппұлдарды өндіріп алу деңгейі 91%-ды құрады.
Жол-көлік оқиғаларының жалпы санының азаюы оң үрдіс болғанымен, адам өлімінің артуы жолдағы қауіпсіздік мәселесінің өзектілігін көрсетеді. Сондықтан жол ережесін сақтау, жылдамдық режимін бұзбау және жаяу жүргіншілерге жол беру — әрбір жол қозғалысына қатысушының басты міндеті.


