Жасыл идеялар хакатоны

SEMEY New School базасында экологиялық бизнес-идеяларды дамытуға бағытталған Hackathon – Eco Business Solution облыстық байқауының финалы ұйымдастырылды. Хакатон жас буынның экологиялық ойлау қабілетін дамытуға, өңірдегі экологиялық мәселелерге арналған тиімді әрі жаңашыл шешімдерді қолдауға мүмкіндік берді.
Алғашқы кезеңнің қорытындысы бойынша өңірдің ең үздік бес командасы финалда өз жобаларын таныстырды. Абай атындағы Жарма мектеп-балабақшасы, Аягөз қаласының №4 және №7 мектептері, Семей қаласындағы №37 гимназия және Ж. Чайжунусов атындағы Көкпекті мектебінің оқушылары экобизнес бағытындағы идеяларын ұсынды.
Шараға экология саласының белсенділері, салалық сарапшылар, Абай облысының білім басқармасының өкілдері, «Семей Тазалық» ЖШС және өзге серіктестер қатысып, жас стартапшылардың жобаларын талдап, кәсіби қолдау көрсетті.
Қазылар алқасының шешімімен Жарма ауданы, Чарск қаласынан келген «Жасыл болашақ» командасы жеңімпаз деп танылды. Олар ұйымдастырушылардың ақшалай сертификаттарымен марапатталып, демеушілер тарапынан қосымша сыйлықтарға ие болды.
Хакатон жылы атмосферада өтіп, қатысушылар белсенді пікірталасқа қатысып, шығармашылық идеяларымен бөлісті. Экологиялық мәселелерге арналған мазмұнды жобалар ұсынылып, шара барлық қатысушылар мен қонақтарға жағымды әсер қалдырды.



