Абай облысының экономикасына 9 айда 417,7 млрд теңге инвестиция тартылды

Абай облысында әкімдік отырысы өтті. Облыс әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен өткен жиында өңірдің 2026 жылғы қаңтар-қыркүйек айларындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары, өңірлік жұмыспен қамту картасын іске асыру және халықтың осал топтарына тұрғын үйлерді беру мәселелері қаралды.
Жиынға қала және аудан әкімдері, басқарма басшылары, департамент жетекшілері қатысты.
Отырыста облыс әкімінің бірінші орынбасары Ербол Садыр өңірдің тоғыз айдағы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері туралы баяндады.
Оның айтуынша, биылғы бірінші жартыжылдықта облыстың жалпы өңірлік өнімі 1 трлн 783,5 млрд теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 105,7 пайызға өсті.
Облыс экономикасының негізгі салаларында оң динамика қалыптасқан:
— Көлік саласы – 113,4% (республика бойынша 6 орын)
— Құрылыс – 111,5%
— Тұрғын үйді пайдалануға беру – 108,3% (республика бойынша 6 орын)
— Өңдеу өнеркәсібі – 107%
— Ішкі сауда – 105,8% (республика бойынша 8 орын)
— Ауыл шаруашылығы – 104,5% (республика бойынша 9 орын)
— Инвестиция – 102,8%
— Байланыс саласы – 102,6%
Тоғыз айда облыста 2,5 трлн теңгенің өнеркәсіп өнімі өндірілді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 630 млрд теңгеге артық. Өнеркәсіп өнімінің көлемі бойынша Абай облысы республика өңірлері арасында 10-орыннан 8-орынға көтерілді.
Есепті кезеңде облыс экономикасына 417,7 млрд теңге инвестиция тартылды. Оның 365,2 млрд теңгесі жеке инвестициялардың үлесіне тиесілі. Жеке инвестиция көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 97,9 млрд теңгеге ұлғайды (республика бойынша 8 орын).
Құрылыс саласында тоғыз айда 240,4 млрд теңгенің құрылыс жұмыстары орындалып, 173,1 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Тұрғын үйді пайдалануға беру көрсеткіші бойынша облыс республика өңірлері арасында 19-орыннан 6-орынға көтерілді.
Меншікті кірістер бойынша облыс республика деңгейінде 4-орында келеді. Облыс бюджетіне тоғыз айда жоспарланған 122,6 млрд теңгенің орнына 123,1 млрд теңге түсіп, кіріс жоспары 561,9 млн теңгеге артығымен орындалды.
Жиында қала және аудан әкімдерінің қызметіне жүргізілген рейтингтік бағалау нәтижелері жарияланды. 83 индикатор бойынша жүргізілген бағалау қорытындысында Семей қаласы, Жаңасемей және Үржар аудандары алғашқы үштіктен көрінді. Курчатов қаласы, Ақсуат және Көкпекті аудандары рейтингтің төменгі сатысынан орын алды. Көкпекті ауданы былтырғы жыл қорытындысында да, биылғы үш тоқсанда да соңғы орыннан көтерілмеген.
Аймақ басшысы рейтинг қорытындысында төмен болған Курчатов қаласы, Ақсуат және Көкпекті аудандары әкімдеріне негізгі көрсеткіштерді жақсарту бағытында жұмысты күшейтуді тапсырды. Көкпекті ауданы әкімі тарапынан қабылданып жатқан шаралардың тиімділігіне баға беріп, тиісті шешім қабылдау жөнінде ұсыныс енгізуді жүктеді.
«Бүгінгі талқылау өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша бірқатар бағытта жұмысты күшейту қажеттігін көрсетті. Өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, инвестиция, құрылыс және сауда салаларындағы қалыптасқан жағдай тұрақты бақылауда болуы тиіс. Әрбір басқарма басшысы мен қала, аудан әкімі өз бағыты бойынша нақты нәтижеге қол жеткізуге баса назар аударсын. Жыл қорытындысына дейін қалған уақытты тиімді пайдаланып, анықталған кемшіліктерді жою және жоспарланған көрсеткіштерді орындау бойынша тиісті шаралар қабылдау қажет», — деді аймақ басшысы.
Жиын қорытындысында облыс әкімі инвестиция тарту, өндіріс пен кәсіпкерлікті дамыту, ауыл шаруашылығы, құрылыс, көлік және жұмыспен қамту салаларындағы жоспарлы көрсеткіштерге қол жеткізуді тапсырды. Сондай-ақ, жыл қорытындысында белгіленген міндеттерді орындамаған жауапты тұлғаларға тәртіптік шаралар қолданылатынын ескертті.



