Заң

Дауыстың ар жағында ақшаңыз тұрмасын…

Қазір телефоннан келетін қоңырау — тек хабар емес, кейде қаржылық қақпан болуы мүмкін. «Банктенбіз», «шотыңыз бұғатталды», «атыңыздан несие рәсімделіп жатыр» деген дауыс шықса, асықпаңыз. Мұндай хабарламалардың көбі — жүйелі сценариймен жұмыс істейтін интернет және телефон алаяқтарының ісі. Алаяқтың мақсаты — сізді қорқытып, эмоция арқылы шешім қабылдату.

Біз бірнеше тез әрі тиімді шешім дайындадық. Оқып, көшіріп алсаңыз болады.

1.Егер қоңырауда сізден шұғыл әрекет етуді талап етсе, бір де бір жеке мәлімет айтпаңыз.

Жай ғана:

«Кешіріңіз, мен өзім банкке қоңырау шаламын» — деңіз де, байланысты үзіңіз.

Бұл қарапайым, бірақ ең қауіпсіз шешім.

2. Нөмірге қайта қоңырау шалмаңыз. Алаяқтар ресми нөмірге ұқсайтын комбинациялар қолданады.

Сол себепті қайта қоңырау шалудың орнына — банктің ресми сайтындағы немесе қосымшадағы нөмірге өзіңіз хабарласыңыз.

Нағыз банк қызметкері ешқашан «жасырын» нөмірмен хабарласпайды.

3. Сұрақ қойыңыз. Олар шатасады.

Егер әңгіме қызығушылығыңызды тудырса, бірақ сенім болмаса, сұрақ қойыңыз:

– Қай бөлімненсіз?

– Қай филиалдан хабарласып тұрсыз?

– Мен өзім банкке барайын, мекенжайыңыз қайда?

Бұл сәтте алаяқтардың «жоспары» бұзылады. Себебі олар нақты жауап бере алмайды және әңгіме өздігінен үзіледі.

4. Жеке мәліметті ешқашан айтпаңыз

Телефон арқылы төмендегі ақпаратты беруге болмайды:

  • ИИН / ЖСН
  • Картаның толық нөмірі
  • CVV (артындағы 3 сан)
  • SMS арқылы келген код
  • Құпиясөз
  • Қосымшадағы push-код

Банктер мен құқық қорғау органдары мұндай ақпаратты ешқашан телефон арқылы сұрамайды.

6. Нөмірді белгілеп, бұғаттаңыз

Қоңыраудан кейін нөмірді телефонда «Спам» немесе «Алаяқ» деп белгілеңіз.

Егер жағдай күмәнді болса, скриншот сақтап, банкке немесе полицияға хабарласыңыз. Бұл киберқылмысты анықтауға көмектеседі.

7. Қатты қорқытса – 100% алаяқ

Ресми банк, полиция немесе мемлекеттік орган ешқашан қорқытып сөйлеспейді және «қазір ақша аударыңыз» демейді.

Қорқыныш пен қысым — алаяқтардың негізгі қаруы.

Телефон арқылы жасалатын алаяқтық — бүгінде ең кең тараған цифрлық қылмыс түрі.

Қаржылық сауаттылық — тек білім емес, қауіпсіздіктің кілті.

Басқа жаңалықтар

Back to top button